Атырауда төбелескен мектеп оқушыларының ата-аналарына айыппұл салынды

Атырау қалалық полиция басқармасы №42 мектеп оқушысының соққыға жығылу дерегі бойынша тергеуді бастады.

Болған оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап кеткен, деп хабарлайды Aikyn.kz.

"12 ақпан күні сағат 18:00 шамасында №42 мектепте жасөспірімдер арасында өзара келіспеушілік орын алған. Бейнебақылау камераларын саралау барысында 2011 жылы туған екі жасөспірімнің арасында кикілжің жағдайы туындағаны белгілі болды. Әлеуметтік желіні мониторингілеу кезінде құқық бұзушылық дерегінің бейнежазбасы таралған", - деп жазды полицияның баспасөз қызметі. 

Аталған факті бойынша құқық бұзушылыққа жол бергендер мен куәгерлер полиция бөліміне жеткізілді. 12 жастағы оқушының әкесінің арыз-шағымы бойынша 2011 жылғы жасөспірімнің заңды өкіліне қатысты ҚР ӘҚБтКнің 127-бабы 1-бөлігімен ("Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы") әкімшілік хаттама жасақталып, сот-медициналық сараптамасы тағайындалды.

Сондай ақ, аталған мектеп оқушыларына жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.