«Жасырын жолмен Жамбылдан Қырғыз еліне жанармай асырылған». Жарнамасы жер жарған бұл жаңалық кешеден бері әлеуметтік желілерде жаппай таралып, телеарнадан да беріліп кетті. Алайда бұл жасырын жерасты құбыры Жамбыл облысының қай аумағынан табылып отыр? Және аталған іске қатысты қандай тергеу амалдары жүруде? Бұған қатысты бірде-бір құзырлы орган өкілі ресми мәлімдеме жасамады. Сондықтан мәселенің анық-қанығына өзіміз көз жеткізуге тырысып көрген едік. Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарында таратылған ақпаратқа сүйенсек, жерастымен құбыр жүргізіп, жанар-жағармайды жасырын түрде өткізген пысықайлардың тірлігін ҰҚК шекара қызметі әшкере еткен. Жұмыртқадан жүн қырыққандарды құрықтауда қырғыз шекарашылары да септескен. «Мемлекеттік шекараның күзетін қамтамасыз ету міндеттерін атқару барысында қазақстандық шекарашылар қырғыздық әріптестермен бірлесіп, қазақ-қырғыз шекарасы бағытындағы Жамбыл облысының шекара маңындағы аумағынан жерастына қазып төселген екі пластикалық шлангіні анықтады. Шлангінің бірінен бензин иісі бар сұйықтық табылды. Алдын ала болжам бойынша, анықталған жайт шекара арқылы заңсыз жанармай тасымалдауға арналған» делінген ақпараттық хабарламада. Кейбір сайттар мұны ҰҚК шекара қызметі таратты деп көрсетті. Әрі аталған іске байланысты тергеу амалдары басталғанынан құлағдар етті. Алайда ешбір ақпарат көзі жасырын жерасты магистралы Жамбыл өңірінің қай аумағынан табылғанын ашып айтпағандықтан, ең бірінші ҰҚК шекара қызметінің өңірлік әскери бөліміне хабарласып көрдік. Бірақ мұндағылар аталған мәселе бойынша ешқандай ақпарат бере алмайтынын айтты. Шекара қызметінен осындай жауап естігеннен кейін ҰҚК-нің облыстық департаментінің баспасөз қызметіне хабарластық. Алайда ондағылар бұл мәселеден мүлде хабарсыз екенін жеткізді. Сонымен қатар шекара қызметіне хабарласуымызға кеңес беріп, құзырлы мекемелер бір-біріне сілтеді. Амал жоқ, «табылса, бәлкім сол маңнан табылған болар» деген болжаммен Қырғыз мемлекетімен шекаралас негізгі аймақ саналатын Қордай ауданына байланысқа шықтық. Мұндағылар елді мекеннен жасырын жерасты магистралы табылғанын растады. Бірақ...
– Негізі Жамбыл облысынан Қырғыз еліне жерастымен тартылған шлангі 2000 жылдары анықталған болатын. Сол кезде күдіктілер ұсталып, сот процесі де өткен. Қазір бұл мәселені кім қозғап отырғанын білмеймін. Бірақ жақын арада жанар-жағармайды жасырын жерасты жолымен тасымалдағандар құрықталды дегенді естімедік, – дейді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаев.Мұны Қордай ауданындағы қақтығыстан кейін құрылған қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов та растап отыр.
– Осыдан 10 жылдай бұрын жанар-жағармайды жасырын жерастымен Қырғыз мемлекетіне тасымалдау бойынша қылмыстың беті ашылған. Сол кезде жауаптылар ұсталып, жауапкершілікке тартылған. Кешеден бері «Жасырын жерасты магистралы анықталыпты» деген ақпаратты естіп жатырмын. Алайда бұрын болып кеткен жағдайды қазір дүрліктіру кімге керек болғаны түсініксіз, – дейді кеңес төрағасы.Ауданның тынысынан хабардар азаматтардан осындай ақпарат естідік. Демек, шынында Қордай ауданында біраз жыл бұрын жасырын жерасты жолы анықталған екен. Әрі жанармайды шекарадан заңсыз өткізгендер сол тұста қолға түсіпті. Енді мұны қазір қайта көтеріп, шекара қызметі жуырда анықтағандай етіп көрсету кімге керек болды екен? Әлде, өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қордайлықтармен жүздескенде елді мекенде контрабандалық жолмен тауар тасымалдағандар анықталғанын айтып, шекара қызметін күшейтуді тапсырғаннан кейін, бір мүддені көздегендер бүйректен сирақ шығарып отыр ма? Бұған құзырлы органдар жақын арада жауап береді деп сенеміз. Ең бастысы, жалған ақпарат жарға жығатынын Президенттің өзі ескерткенін естен шығармасақ игі.
Жамбыл облысы