Келісімшарт негізінде ғылыми-зерттеу орталығы мен институт бірлесіп жас ғалымдарды даярлайды.
Меморандум ғылыми бағытта тәжірибе алмасуға, зертханалар мен ғылыми орталықтарды бірлесіп пайдалануға, ортақ инновациялық жобаларды жүзеге асыруға, өндірістің материалдық-техникалық базасын кеңейтуге жол ашады.
Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Жанар Жеңістің айтуынша, келісім жаңа мүмкіндіктер мен екіжақты байланысты арттыруға тың серпін береді.
«Қазіргі таңда орталықтың екі ғылыми қызметкері аталған институтта білім алуда. Оқулары аяқталғаннан кейін біздің орталықта өз жұмыстарын жалғастыратын болады. Алдағы уақытта тағы да бір ғылыми қызметкерімізді тәжірибе жинақтау үшін Қытай институтына оқуға жіберуді көздеп отырмыз. Бұған дейін де біздің орталық Шыңжаң физика және химия техникалық институтымен тығыз қарым-қатынас орнатқан болатын. Мәселен, 2019 жылы қараша айында Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығында Шыңжаң физика және химия техникалық институтымен бірге Қазақстан-Қытай бірлескен дәрілік заттар зертханасын ашқан едік»,-дейді Жанар Жеңіс.
Айта кеткен жөн, ғылыми-зерттеу орталығы мен институт жаз мезгілінде ҚазҰУ базасында ғылыми бағытта халықаралық конференция ұйымдастыруды жоспарлап отыр.