Тамшылатып суару технологиясының тиімділігі

Елімізде ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жатқан озық технологияның бірі – тамшылатып суару.

Бүгінде бірқатар шаруа қожалығы осы әдіске көшкен. Арнайы құрылғылар арқылы жасалатын бұл жүйенің тиімділігі көп: тыңайтқыш көлемі 5-6 есе азаяды. Есесіне мол өнім алуға болады. Ең бастысы, су үнемделеді. Алайда мамандар ауыл шаруашылығын дамыту үшін озық технологияны пайдалану көрсеткішін көтеру керек дейді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, биыл Қазақстанда 1,58 млн га суармалы жер игеріледі. Оның ішінде 1,1 млн га немесе 74%-ы жер үсті тәсілімен суарылады, 227,3 мың га немесе 14,3%-ы, заманауи жаңбырлатып суару жабдықтары пайдаланылады, 97,9 мың га немесе 6,2%-ы тамшылатып суарылады.


Осы орайда тамшылатып суару және жаңбырлату технологиясын дамытуға отандық өндірушілер қандай үлес қосып отыр деген сұрақ туындайды. Жалпы, суару жүйесіне арналған құрал-жабдық өндіретін қандай компанияларды білеміз? Вице-премьер отандық кәсіпорындарды атап, оларға мүмкіндігін арттыру керегін айтты.

«Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында мемлекет пен бизнес арасындағы табысты әріптестіктің бұл үлгісін атап өтіп, негізгі азық-түлік өнімдері бойынша елдің импортқа тәуелділігін төмендету үшін оны ауыл шаруашылығының басқа салаларында қолдануға тапсырма берді. Биыл Үлкен жоба бойынша көкөніс сақтау қоймаларын, құс фабрикаларын салу мен суару, мал шаруашылығы жобаларын іске асыруға 100 млрд теңге көлемінде қаржыландырудың екінші траншы бөлінді. Бүгін біз кеңеске жұмыс істеп тұрған және әлеуетті отандық суару жүйелеріне арналған жабдықтарды өндірушілерді, суару жобалары бойынша тәжірибесі бар фермерлерді шақырдық. Жаңбырлату техникасы мен тамшылатып суару жүйелерін таңдау кезінде отандық өндірушілерге артықшылық беру қажет. Бізде Metzer Kazakhstan, BNK irrigation, Samal commodities, «Келет» АҚ сынды табысты кәсіпорындар бар», - деді Серік Жұманғарин. 


Кәсіпорын мамандары тұтынушының ұсынысын қабылдаған соң алдымен егістікке барып, шолу жасайды. Аумақты өлшеп, су алатын жерді белгілейді. Шығынды, қажет материалдарды есептеп, ары қарай суару жұмысын бастайды. Кәсіпорын мамандары тамшылатып суару технологиясының пайдасы зор екенін айтады. Бұл әдіс судың ысырап болмай, қажет жерге баруына, егінді ерте жинауға, мол өнім алуға септігін тигізеді. Сонымен қатар топырақ эрозиясының алдын алып, арамшөптің көп таралуына жол бермейді. 

Фото: pexels.com