«AMANAT» партиясының депутаттары Үкіметке су тасқынына қарсы шаралар тізімін ұсынды

Биыл Қазақстан аймақтарында ерекше климаттық ауытқу байқалады.

Елімізде көктем түспей тұрып, бірнеше аймақта тасқын жүру қаупі бар. Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері аталған мәселеге қатысты Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Депутаттар биыл Қазақстан аймақтарында ерекше климаттық ауытқу болып тұрғанына тоқталды. Бір жерде қар апталап жауып тұрса, содан қашық емес жерлерде тасқын болып жатыр. 

«Жыл сайын болатын су тасқындары азаматтарымыздың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіріп қана қоймай, отандастарымыздың моральдық-психологиялық деңгейіне де кері әсер етуде.

Өткен жылы көктем кезінде Ақтөбе, Атырау облыстарында тасқын болып, біздің сайлаушылардың әбігерін шығарған болатын. 

«AMANAT» партиясы зардап шеккен тұрғындарға құрылыс материалдарымен көмек көрсетті.

Адамгершілікпен өзара көмектесу әрбір азаматтың парызы деп білеміз», – деді депутат Ұлықбек Тұмашинов.

Мәжіліс депутатының айтуынша, биыл су тасқыны Шығыс Қазақстан облысы, Орталық Қазақстан, Ақтөбе облыстарында болуы ықтимал.

Осы ретте депутаттар азаматтар тағы да қиын-қыстау жағдайда қалмауы үшін Үкіметке шұғыл түрде қабылдануы тиіс шаралар тізімін ұсынды.

 «AMANAT» Фракциясы су тасқынына қарсы келесі шараларды Үкімет шұғыл қабылдауы қажет деп есептейді: 

  1. Еліміздің барлық аумағында Су тасқыны қаупі бар жерлердің картасын жасау. 
  2. Халыққа тасқын, сел қаупі жөнінде дер кезінде хабар беру жүйесін тексеру.
  3. Төтенше жағдайдар министрлігінің құтқару қызметтерінің азаматтарды дер кезінде қауіпті жерлерден алып шығу қабілетін қазірден тексеру.
  4. Су тасқыны қаупі бар жерлердің барлығында тасқыннан қорғайтын дамбалар, контррегуляторлар, су өтетін өткелдер салу аса маңызды.