Ұлттық сыйлық: АMANAT-тың жобасы – «Халықтың сүйіктісі»

Астанада «Халықтың сүйіктісі – 2023» ұлттық сыйлығы табысталды.

Астанада «Халықтың сүйіктісі – 2023» ұлттық сыйлығы табысталды. Осымен 12-ші мәрте ұйымдастырылған дәстүрлі іс-шарада «AMANAT» партиясының «Жер аманаты» жобасы «Жыл жобасы» номинациясын иеленді.

«АМАNАТ» партиясының «Жер аманаты» комиссиясы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетімен бірге пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып келеді. Небары бір жарым жылда ел аумағында 10 млн гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Статуетка «Жер аманаты» комиссиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровқа және партия Хатшысы Ержан Жылқыбаевқа табысталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде нақты тапсырма берді. Президент айтқан әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету – «AMANAT» партиясының басты басымдықтарының бірі. Біз әрбір ауыл тұрғынының пікірін ескеріп, еліміздің барлық өңірінде жер телімін әділ бөлуге күш саламыз», – деді Ержан Жылқыбаев.

Бұған дейін «Жер аманаты» комиссиясының бастамасымен әрбір ауылдық елді мекендегі жайылым тапшылығы мен мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесі көрсетілген jerkarta.gharysh.kz интерактивті картасы әзірленген болатын.

Жер мәселелерін жедел шешу үшін қазақстандықтар «AMANAT» партиясының  8 800 080 44 41 «Сенім телефоны» арқылы заңбұзушылықтың барлық фактісі туралы хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +7 700 800 44 41 нөмірі бойынша қабылданады.