Аталмыш жарыс ІІ кезеңнен тұрды. Біріншісінде аймақтық іріктеу сайыстары өтсе, ІІ кезеңде аймақтық жарыстардың жеңімпаздары финалдық сында бақ сынайды.
Ашылу салтанатында «Арқан тартыс» федерациясының вице-президенті Нұрлан Жабаев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
– Құрметті спортшылар, команда жетекшілері сіздердің барлығыңызға, әсіресе, бірінші іріктеу жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін. Сайыста тек мықтылар жеңсін! Ұлттық құрамамыз жасақталып, Алла қалап, көшпенділер ойынында алтыннан алқа тағатын команда құрауды нәсіп етсін. Сәттілік серік болсын!, – деді ол.
Қаладағы №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешенінде өткен алғашқы орталық аймақтық жарысына Астанадан бөлек, Алматы, Қарағанды, Ұлытау облысының командалары қатысты. Ерлер арасында бес команда тартысқа түссе, әйелдерден құралған үш команда жүлдеге таласты. Нәтижесінде ерлер арасында Ұлытау облысынан келген «Ұлытау арқарлары» командасы жеңіске жетті. Ал екінші орын елордалық «Барыс-4» командасына бұйырды. Үшінші орын Алматы облысының еншісінде.
Әйелдер арасында астаналық «Барыс-3» командасы алтыннан алқа тақса, екінші елордалық ұжым «Қара қабылан» екінші орынға тұрақтады. Үздік үштікті Алматы облысының бұрымдылары түйіндеді. Жарысты ұйымдастырушы «Арқан тартыс» федерациясы жүлделі бірінші орынға 500 мың теңге, екінші орынға 300 мың теңге, үшінші орынға 200 мың теңге сыйақы мен бағалы естелік сыйлықтарды табыстады.
Енді арқан тартыс бойынша Солтүстік аймақтық іріктеу кезеңі 17 ақпан күні Көкшетау қаласында өтеді. Солтүстік аймақта Ақмола, Қостанай, Павлодар, СҚО облыстары қатысады. Одан кейінгі бәсекелер, Шығыс Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы, оңтүстік аймақтарда өтеді. Финалдық тартыс 7 наурыз Астана қаласында өтеді деп жоспарланған.