Көрмеде National Geographic журналындағы жарияланымдар арасынан таңдап алынған хайуанаттар әлемінің ең үздік суреттері ұсынылған.
«Осыдан 8 жыл бұрын осы күні «National Geographic Қазақстан» журналының алғашқы нөмірін шығарған едік. Сонда «Әлемді өзгерткен 50 үздік фото» көрмесін осы музейде ұйымдастырдық. Көрермендердің ыстық ықыласы мен жоғары бағасы бізді шабыттандырып, осы ағартушылық бағытта тұрақты түрде әлемдік деңгейдегі фотокөрмелерді өткізуді ұйғардық. Содан кейін «Тағам болашағы», «Киіктер», «Ақжайықты аялайық», «Алыс та жақын Америка», сирек, жойылып бара жатқан аң-құстар туралы «Фотоараша» көрмелерін ұсындық», – дейді «National Geographic Қазақстан» журналының бас редакторы Еркін Жақып.
Сонымен қатар ол мұнда қойылған суреттің әрбірінің артында үлкен оқиға бар екеніне, әрбір фото жанкешті еңбекпен түсірілгеніне тоқталды. Тіпті, фотографтар өміріне қаншама рет қауіп төнсе де мақсаттарынан айнымай, қайталанбас ғажайып сәттерді фотоға түсіретінін айтты.
Табиғат суреттерінің майталман редакторы Кэти Моранның жетекшілігімен әзірленген бұл көрме Майкл «Ник» Николс, Стив Уинтер, Пол Никлен, Беверли Жубер, Дэвид Дубиле және National Geographic-тің басқа да ең танымал фотографтарының суреттерінен құралған. Көрмеге қойылған суреттер фотографияның даму эволюциясын көрсете отырып, фототұзақ, қашықтан түсіру және суасты технологиясы сынды инновациялар қалай фотографтарға тұмса табиғаттағы тіршілік ортасына жол ашқанын көрсетеді. Ұсынылған жұмыстардың әрқайсысында зерттеуші фотографтардың жабайы табиғат пен оның бай фаунасына деген бірегей және қайталанбас көзқарасы көрсетілген.
Ұйымдастырушылар бұл фотокөрмеден Жер планетасын аман сақтап қалу миссиясына бір қадам жақындауды көздейді. «Жануарлар әлемінің ғажайып суреттері» фотокөрмесі Ұлттық музейде 25 ақпанға дейін жалғасады.
С.БЕГІМБАЕВА