Былтырғы күзгі жиын-терім кезінде тоқтаусыз жауған жауыннан астықты тұтастай ылғал басып әрі жаз бойы қуаңшылықтың салдарынан күйіп кетіп мүлде аз өнім бергені шаруалардың шымбайына батқан. Аса ірілері болмаса көктемгі егіс науқанына сақадай сай болып тұрған диқан көрінбейді. Көпшілігін қинап тұрған басты мәселе – тұқымның қат әрі қымбаттығы болып тұр.
Тұқым саласындағы түйткіл елдің ауыл шаруашылығын тұтастай тұралататын түрі бар. Өйткені құзырлы органдар ұсынған ресми деректерге сенсек, былтыр күзде ай бойы жауған жауын салдарынан егіннің 50 пайызын толықтай ылғал басып, кластан тыс астыққа айналған. Күзгі жиын-терім есебінен қарызынан құтылуды жоспарлап банктерден миллиондап несие алған шаруалар қарызын қайтармақ түгіл, қарауындағы еңбеккерлердің жалақысын да төлей алмай қалған. Үкімет қарызын қайтару үшін несие мерзімін ұзартуға пролонгация бергенімен, аймақтағы шаруалар күні бүгінге дейін несие төлеу мерзімін ұзарта алмағанын айтып зар илеп отыр. Астықты аймақтардың бірі – Ақмола облысында да шаруалар тұқымның тапшылығын тартып отыр.
Көктемгі егіскезінде дән себе алмай қаламын ба деп шақшадай басы шарадай болып жүрген шаруалардың бірі – атбасарлық Марат Ыдырысов. Шағын шаруа қожалығының иесі осыған дейін алған несиелік қарызын толық қайтарып келгенімен, былтырғы ауа райының қолайсыздығынан қомақты сомадағы қарызын қайтара алмай қалған.
– Былтыр қуаңшылықтан және күзгі жаңбырдың салдарынан астықты жөндеп ала алмадым. Гектарына бар-жоғы 3,8 центнерден ғана айналды. 600 гектар егістік алқабымнан тек 150 тонна кластан тыс бидай алдым. 50 тоннасын элеваторға 49 мың теңгеден әзер өткіздім. Егін егуге кемінде тоннасына 100 мың теңгеден астам қаржы жұмсалғандықтан бұл өзін-өзі де ақтамады. Дегенмен жұмысшыларға жалақысын төлеу үшін осындай қадамға баруға мәжбүр болдым. Былтыр форвардық сатып алумен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясынан» 12 миллион 300 мың теңге қарыз алғанмын. Оны қайтару мүмкін болмады. Қарыз мерзімін ұзартып, пролонгация жасау туралы өтінім беріп қойдым. Бірақ әлі шешілетін түрі көрінбейді. Жұмысшыларыма да бірнеше айлық жалақысын бере алмай жатырмын. Қазір қолымда бар жердің ұзақ жылдық жалдау мерзімі құқығын, қоймаларым мен өндірістік базаларымды, техникаларымды сатуға қойдым. Басқа амалым жоқ. Бірақ олардың өзі өтпей тұр. Осыған дейін 2021-2022 жылдары Халық банкінен және «Азық-түлік келісімшарт корпорациясынан алған 30 миллион теңге қарызымды жауып тастағанмын. Бұл жолы қарызды қайтару аса үлкен қиындық тудырып тұр. Көктемгі егіске шыға алмайтын түрім бар, – дейді атбасарлық шаруа қожалығының иесі Марат Ыдырысов.
Аталған мәселені «AMANAT» партиясының партиялық бақылау комитетінде көтерген Парламент Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев Үкімет пен құзырлы органдардан жедел әрекет ету қажетін жеткізген. Оның айтуынша, былтырғы астықтың шамадан тыс сапасыздығы, өнімнің тым аздығы, қосалқы бөлшектер мен жанармайдың, тұқымның жетіспеушілігі әрі қымбаттап кетуі шаруалар жайының шатқаяқтап кетуіне себеп болған. Бұл орайда шаруалардың егістік жерлерде агротехнологияларды қолданбауына, егістік алқаптардың егілмеуі салдарынан қысқаруына әкеліп соқпақ.
– Мемлекет көктемгі егіс науқанына әзірліктің барлық кешенді мәселелерін шешкенімен қағазбастылық, немқұрайдылық пен ұйымдастырудың төмендігі түйткілдің одан әрі көбеюіне ықпал етіп тұр. Мұның бәрі азық-түліктің де қымбаттап, оның арты ауыл тұрғындарының әрі жалпы қоғамның әлеуметтік шиеленісін ұлғайтпақ. Шұғыл арада бұл мәселені қолға алып, жылдам әрекет ету қажет. Бізде мәселені жедел шешу үшін қолымызда барлық ресурс, бар, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев.
Депутат аталған мәселені шешу үшін партиялық органдардың барлық құрылымдары мен жергілікті белсенділер, өңірлік және аумақтық филиалдар, мәслихаттардың депутаттық фракциялары бірлесе әрекет етуі тиіс екенін атап өтті.
Ресми деректер бойынша фермерлердің орасан шығынға батуы салдарынан олар көктемгі егіске ұсынылатын қызметтер мен тауарларды алуға қауқары жоқ. Оның үстіне субсидия мәселесінде де елеулі проблемалар пайда болған. Субсидияны ала алмай қалғаны жөнінде фермерлер былтыр-ақ дабыл қаққан. Фермерлер былтырғы шілдеде егін орағын бастардың алдында-ақ «Даму» қорының өтінімдерді қабылдамай, несиелеу бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялаудың келісімшарты жасалмағанын, осының салдарынан фермерлер субсидия алуға да үлгермегенін айтты.
– Ауыл шаруашылығы министрлігіне тез арада кеңейтілген ақпараттандыру жұмысын жүргізу қажет. Субсидия беру бойынша порталда өтінімді рәсімдеуде көмек көрсетілуі тиіс. Аталған мәселеде партиялық құрылымдарды да жұмылдырған жөн. Қаражаттың бөлу мерзімі де нақтылауды қажет етеді. Субсидия көктемнің аяғында ғана беріліп, ал бұл кезде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері көктемгі егіс науқанын аяқтап та жатады, – деп толықтырды Павел Казанцев.
Шаруалардың көпшілігі, тіпті көктемгі егісті еге алмайтынын айтып отыр. Мұны өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы да растады.
– Өңірдегі шаруалардың басым бөлігі үшін көктемгі егіс науқаны аса үлкен қиындықтарға душар етіп отыр. Тұқымның әр тоннасының құны 200 мың теңгеден асып жығылды. Ал күзде алған өнімін 50 мың теңгеге өткізе алмаған шаруа мұндай қымбат тұқымды қалай алмақ? Бізге күн сайын тұқым ала алмай отырғанын айтып, тіпті егін еге алатын жағдайы болмай жатқанын айтып, көмек сұрап ондаған шаруа жүгінеді. Олар өте қиын жағдайда. Форвартың тәсілмен сатып алу үшін аудан әкімдігінің сенімхаты керек. Ал онсыз да шаруасы шатқаяқтап тұрғанын көзімен көріп тұрған әкімдік шаруаға мұндай сенімхатты бермейтіні айдан анық. Көпшілігі егістік алқаптары біржола арамшөпті далаға айналмас үшін кластан тыс бидайының өзін егуге мәжбүр болып жатыр. Одан өнімнің сапалы болу-болмауы да аса күмәнді. Бірақ шаруалардың басқа амалы да жоқ. Қымбат бағадағы элиталы тұқымды несиемен алуға олардың жағдайы көтермейді», – дейді Атбасар ауданы кәсіпкерлер палатасының директоры Роза Мырзабекқызы.
Облыстағы тұқым жетіспеушілігінің аса өткір жағдайда екенін өңірдің Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшылығы да мойындады. Ведомствоның дерегіне сенсек, облыстағы астық себушілер қажеттілігін толық қанағаттандыру үшін 536 мың тонна тұқым қажет. Алайда бүгінге дейін тек 430 мың тонна ғана тұқым бар. Яғни, кемінде 100 мың тоннадан астам тұқым қажет.
– Тұқым шаруашылықтары бар. Олар қазірдің өзінде 20 мың тонна тұқым сатуға әзір. Сонымен қатар облыстағы 10 элеваторда сараптамадан өткен тұқым бар. Бірақ оның қандай сұрып екенін айта алмаймыз. Тауарлық несиемен себілмей қалмас үшін олар осы тұқымды алып себуге мүмкіндіктері бар. Әкімдіктер және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен хабарласып осы мәселені де бақылауға алып отырмыз. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясымен» де несие беру арқылы мәселені шешпекшіміз», – дейді Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қасымжан Итқұсов.
P.S.
Қысқасы астықты аймақ тұқымның тапшылығын тартып тұр. Бұл орайда экономиканың басты драйвері – ауыл шаруашылығы біржола тұралап қалмас үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Үкімет түйткілді шешу мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізіп, субсидиялау саласындағы толғағы жеткен мәселелерді шұғыл шешсе, шаш-етектен қарызға батқан шаруалардың еңсесі түзелер ме еді деген ойдамыз...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы