Екі жыл бұрын Жамбыл облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы «Әулиеата жастары» жобасын қолға алған. Игі бастама алғашқы жылы-ақ жемісін бергенін жасырмаймыз. Алайда биыл жобаны қаржыландыру тоқтатылады деген әңгіме ел ішін желдей кезіп жүр.
Жалпы, «Әулиеата жастары» жобасы облыс бойынша барлық деңгейде талқыланып, сараланып, мақұлданған. Бағдарламаны әзірлеуде өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, Астана мен Алматы қалаларында оң нәтиже берген пилоттық бағдарламалар негізге алынды. Нәтижесінде, «Отбасы банк» Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ мен облыс әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды.
Бұған дейін облыста жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарлама болмағандықтан, бұл бастама талай жастың төбесін көкке жеткізгендей еді.
Бағдарлама шарттары бойынша алғашқы жылы жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы 13 миллион теңгеге дейін бекітіліп, несие беру уақыты 19 жылға межеленді. Ал пайыздық мөлшерлеме – 5, бастапқы жарна 5 пайызды құрады. Бағдарламаға денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және журналистика саласында қызмет ететін 35 жасқа дейінгі Қазақстан азаматы қатыса алатын болып шешілді. Бұған қоса, бағдарламаға қатысушы конкурсқа өтінімді толтыру кезінде облыс аумағында өзі еңбек ететін салада соңғы бір жылдан кем емес уақыт жұмыс істеуі, «Отбасы банкінде» жинақ шотының болуы, соңғы бес жылда тұрғын үйдің немесе меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы және әр отбасы мүшесіне бөлінген кездегі кірістің жалпы құны 140 470 теңгеден аспауын қажет етті.
Облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» арасында бекітілген өзара келісім негізінде бюджеттен 500 миллион теңге бөлінсе, қатысушыларға құжат тапсыруға берілген 10 күннің ішінде 591 өтінім келіп түскен. Нәтижесінде, 21 адамнан жасақталған комиссия шешімімен барлық талапқа сай келетін 41 жас баспаналы болу бақытына кенелді.
Ал былтыр баспанамен қамтылатын жастардың санын арттыру мақсатында жергілікті бюджеттен – 1 млрд теңге, «Отбасы банкінен» 1 млрд теңге қаражат бөлінген болатын. Сонымен қатар бағдарлама талаптарына да бірқатар өзгеріс енгізіліп, қарыздың ең жоғары сомасы 15 млн теңгеге дейін көтерілген. Алдыңғы жылғы 5 салаға тағы дін саласының қызметкерлері қосылды. Нәтижесінде, өтінім қабылдаудың төрт кезеңі бойынша 677 өтінім қабылданып, комиссия шешіміне сәйкес, 226 қатысушыға «Отбасы банкіне» жолдама берілді. 451 өтінім талаптарға сай келмеуіне байланысты қанағаттандырылмады. Берілген 226 жолдама бойынша 82 қатысушы түрлі себеппен банк іріктеуінен өтпей қалса, 144 азамат тұрғын үй алды. Қоян жылының қорытындысы бойынша, тек Тараз қаласынан 132 адам баспана кілтіне қол жеткізсе, денсаулық сақтау саласынан 69, білім беру саласынан 21, журналистика саласынан 18, спорт саласынан 10, мәдениет саласынан 9 және дін саласы бойынша 5 азамат қоныс тойын тойлады.
Алайда бағдарламаның екінші кезеңі аяқталған соң ел арасында «2024 жылдан бастап «Әулиеата жастары» жобасы тоқтайды екен», «Бағдарлама «Отбасы банкіне» тиімсіз болыпты» деген сынды әңгіме тарала бастады. Бұл хабар алдыңғы жылдары іріктеуден өте алмай, бар үмітін биылға артып отырған талай жастың көңілін су сепкендей басқаны рас. Осы орайда, жобаның ендігі болашағы жайлы білмек мақсатта Жамбыл облысы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхарға хабарластық.
– Қазір бағдарламаның биылғы кезеңінің шарттарын нақтылап жатырмыз. Осы уақытқа дейін біз басқарманың атынан облыс әкімдігінен 1,5 миллиард теңгеге сұрау жолдадық. Сондай-ақ «Отбасы банкіне» 1 миллиард теңге бөлуге сұраныс бердік. Қос тараптан 2,5 миллиард теңге бөлінген жағдайда биыл 170-ке жуық жасты баспанамен қамтуды жоспарлап отырмыз, – дейді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек, биыл да бағдарлама талаптарына бірқатар өзгеріс енгізіледі. Ж.Зұлпыхардың сөзіне сүйенсек, осы жылы «Әулиеата жастарына» қатысуға мүмкіндігі бар 6 сала қызметкерлерінің қатары тағы бірнеше саламен толықпақ. Алайда олар нақты қандай саланың мамандары болатындығы әзірге белгісіз. Себебі барлық мәселе қаржыға келіп тіреліп тұр.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы