Жасанды интеллект жалғыздыққа әкеле ме?

Америкалық CB Insights консалтингтік компаниясының сарапшылары болжамынша, биыл бірнеше ғажайып технологиялық шешім өмірге келеді.

Алдымен генеративті жасанды интеллек­тің (GenAI) не екенін түсіндірейік. Генера­тивті жасанды интеллект (GenAI – Generative Artificial Intelligence) – бұрын болмаған нәрсені жасайтын жасанды интеллектің ең жылдам дамып келе жатқан түрі. Ол жаңа контентті әртүрлі формада жасайды: мәтін­дік, дыбыстық және визуалды. Генеративті модельдер деректер жиынын пайдаланып тапсырмаға сәйкес жаңа контент жасауға үйретілген. Бұл – оның қазіргі ЖИ модель­дерінен негізгі айырмашылығы.

Қарапайым мысалмен түсіндірейік. Егер сіз бүгінгі ЖИ жүйелерінен «Жолда адам келе жатыр ма, әлде көлік келе жатыр ма?» деп сұрасаңыз, ол нақты жауап береді. Ал генеративті ЖИ-ден жолдың бойымен кетіп бара жатқан адамды көлік озып бара жатқан суретті салуға тапсырма беруге болады. Ол бұл тапсырманы өте сапалы орындай алады – нәтижесі мәтінмен  емес, суретпен беріледі. Осылайша, генеративті ЖИ бұрын өзі көрген контентті қолданып жаңа контент тудырады және ол үздіксіз үйренетін болып жасалады.

2023 жылы генеративті жасанды интел­лек­тке (GenAI) қызығушылық жылдам өсті. CB Insights консалтингтік компаниясының сарапшылары 2024 жылы саланың дамуы туралы болжамдарымен бөлісті. Сарапшы­лардың қорытындысы төмендегідей:

• ЖИ чиптеріне көп электр энергиясы қажет.

2024 жылы Nvidia-ның жоғары өнімді ЖИ чиптері Грузия немесе Гватемалаға қара­ғанда айтарлықтай  көп электр энергиясын тұтынады деп болжануда. Бұрынғы деректер орталықтарына соншалықты энергия қажет емес еді. Алдағы 15 жылда деректер орталығы тұтынатын энергияның 80%-ын ЖИ тұты­натын болады.

Бұл салқындату жүйелері мен жаңар­тылатын энергия көздеріне сұраныстың артуына әкеледі. CB Insights сарапшылары ЖИ-дің болашағы орнықты болуы үшін жаңа атом электр стансалары қажет деп санайды.

• Деректердің жетіспеу­шілігі жаңа дереккөздерді іздеуге әкеледі.

Зерттеушілер 2026 жылға қарай адамзат үлкен тіл үлгілерін (LLM) оқыту­ға арналған жоғары сапа­лы мәтіндік деректер таусылады деп есептейді. Бұл тенденция ЖИ-дің ары қарай дамуын бәсең­детуі мүмкін. Нақты де­рек­тердің жоғары құны мен тапшылығы синте­тикалық деректер жиы­нына сұраныстарды арт­тырады. Мұндай ақпарат жинақтарын адам емес, компьютерлік алгоритм жасауы мүмкін.

• Жаңа графикалық процес­сорлар (GPU) жасалады. 

GPU тапшылығы жағдайында технологиялық компаниялар арасындағы бәсекелестік артып келеді. GPU тапшылығы салаға қатты әсер етеді және Nvidia H100 графикалық процессорлары үлкен үстеме бағамен сатылады.

SpaceX негізін қалаушы және бас директоры Илон Масктың сөзінде шындық бар: «Қазір GPU-ларды сатып алу заңсыз заттарға қарағанда қиынырақ».

Nvidia H100 – жасанды интеллект үшін арнайы жасалған графикалық процессор. H100 негізгі ерекшеліктерінің бірі – оның жоғары өнімділігі. Процессор қуатты есеп­теуіш ядролармен және ақпаратты жоғары жылдамдықпен өңдеуге мүмкіндік беретін үлкен көлемдегі жадпен жабдықталған.

H100 процессорының өзіндік құны  3,3 мың доллар болғанымен, оның нарықтағы бағасы – 30 мың доллар, яғни он есе қымбат бағаға сатылады. Ал eBay-дегі H100 бағасы 45 мың долларды құрайды.

H100-ді негізгі сатып алушылар қата­рында Tesla, Amazon, Google, Meta, Alibaba Group, Microsoft және басқа да жоғары технологиялық компаниялар бар. Өсіп келе жатқан сұраныс жағдайында Nvidia-ның ең ірі тұтынушылары графикалық процессор­ларын жасауға қажетті чиптерді өздері әзір­леуге кіріскен.

• ЖИ-достар өмірдегі шынайы достарды алмастырады.

Адамзат жалғыздық індетін бастан кешіруде. Смартфондар дәуірінде жаңа буын өкілдері уақытының көп бөлігін желіде өткізеді. Олар цифрлық инновациялар дәуі­рін­де өсті: интернет, әлеуметтік желілер және мобильді құрылғылардың ортасында есейді. Z ұрпағын «цифрлық жергілікті тұрғындары» деп те атайды. Өйткені бұл адамдар туғаннан бері технологиямен қоршалған және онымен табиғи түрде әрекеттеседі.

Биыл адамдар ЖИ жүйесінде достар тауып, солармен көбірек уақыт өткізетін болады. CB Insights сарапшыларының пікірінше, романтикалық ЖИ шынайы өмірдегі адамдар арасындағы қарым-қатынастардың азаюына алып келеді. Қазірдің өзінде пайдаланушылар ақылы түрде виртуалды достар таба алады.

Ондай сервистердің бірі – Candy ЖИ. Бұл жерде сіз виртуалды «досыңыздың» көзінің және шашының түсін, жасын, ұлтын, шаш үлгісін, дене түрін, дауысын, мамандығын, хоббиін, қарым-қатынас түрін және киім үлгісін таңдай аласыз.

Жобаны жасаушылар виртуалды жігіт не­месе қыз жай ғана код емес екенін айтады. Олар романтикалық қарым-қатынастарды модельдеуге арналған. Ол адамдардың арасындағы қарым-қатынас дағдыларын және басқа да функцияларды меңгерген.

• Генеративті ЖИ дипфейкпен күресуге көмектеседі.

Deepfakes генеративті жасанды интеллект (GenAI) құралдарының арқасында жетіл­дірілуде: шынайы өмірдегі адамдардың бет-бейнесі мен дауысын дәл қайталайды. Жа­қын айларда генеративті ЖИ кибер­қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған жаңа қызметтер көрсете бастайды, оның ішінде дипфейкті анықтау да болады.

Deepfakes қазірдің өзінде ойын-сауық индустриясы мен блогерлер тарапынан жоғары сұранысқа ие. Бірақ олардың адам өміріне әсері күшейгендіктен, қоғам дипфейктермен күреске көңіл бөлуде.

• GenAI медианың жұмыс істеу тәсілдерін өзгертеді.

Медиа құралдар жаңалықтарды жинауды, жасауды және таратуды жеделдету үшін ЖИ-ді белсенді пайдалана бастады. Бұл тренд алдағы уақытта да дами береді.

Мысалы, The Associated Press соңғы жаңалықтардан хабардар болу үшін өз жұмысында әлеуметтік желілердің ЖИ арқы­лы жасалған мониторингті пайдаланады. Washington Post газеті Heliograf бағдарламалық құралын пайдаланады.

Ол спорт нәтижелері сияқты салалық деректерге негізделген контент жасауды жеңіл­детеді. Кувейт, Үндістан және Малай­зия телеарналары былтыр ЖИ-мен жұмыс істейтін виртуалды жаңалықтар жүргізу­шілерін ұсынғаны да бұл процестің тым жылдам жүріп жатқанын көрсетеді.

Біз биыл жалпы ақпараттық нарықта пайда болатын 6 технологиялық жаңашыл­дықты таңдап алып көрсеттік. Осындай қарқынмен дамыған генеративті ЖИ (GenAI) енді 10 жылда адамдар арасындағы коммуникацияны да, еңбек нарығын да өзгертетіні анық.

Бегім ҚАЙРАТ