Алматы облысының Жамбыл және Қарасай аудандарында Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасының құрылыс-монтаж жұмыстары жүреді деп жоспарланып отыр. «Жетісу» Алматы құс фабрикасының бірінші кезегі 2027 жылы пайдалануға берілмек, ал екінші кезегі 2029 жылы өз жұмысын бастауға тиіс. Құс фабрикасының жобалық қуаты жылына 240 мың құс етін өндіреді. Осындай нысанның іске қосылуы аймақтың 7 мыңнан астам жұмыс орнымен қамтуға мүмкіндік береді.
«Алматы құс фабрикасы аймақтағы ең технологиялық және автоматтандырылған кәсіпорындардың бірі болмақ. Ол елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және импортты қысқартуға мүмкіндік туғызады. Өндіріс құрылысы мен фабрика жұмысының басталуы облыс экономикасына, инфрақұрылымның дамуына үлес қосады. Мысалы, халықтың жұмыспен қамтылуы артады, қаптама шығару секілді жергілікті өндіріс пен қызмет түрлері дамиды», – деп атап өтті AITAS холдингінің бас директоры Руслан Ильницкий.
Оның айтуынша, «Жетісу» Алматы құс фабрикасы осы холдинг құрамына кіреді. Кәсіпорынның іске қосылуы барысында салынатын жалпы инвестиция көлемі – 270 млрд теңгені немесе 600 млн АҚШ долларын құрамақ.
Құс фабрикасы құрылысы аясында 384 құс бағатын орын, жем зауыты, 30 000 тонна астық сақтауға арналған элеватор, инкубатор және басқа нысандар салынады. Бұл ретте құс өңдеуге арналған екі зауыттың жобасын атап өту қажет: бұл нысандар сағатына 24 000 бас құсты қабылдап, мұздатылған және салқындатылған дайын өнімге айналдыра алады.
Сонымен қатар холдингте құс фабрикасы жанында қасап қалдықтары мен ет өндірісі қалдықтарынан ет-сүйек ұнын жасау цехын салуға да үлкен мән беріп отыр. Қазір құс фабрикасының техникалық-экономикалық негіздеме жұмыстары жүріп, жоба-жоспары құрылуда.