Осыдан 4 жыл бұрын шымкенттік белгілі кәсіпкер Тоқтар Төлешов арнайы операция кезінде ұсталған болатын. «Билікті күшпен басып алмақ болды» және «жер реформасына қарсы митингілерді қаржыландырды» деп айыпталған «Шымкентсыра» зауытының иесі Т.Төлешовке заңсыз немесе қылмыстық жолмен тапқан мүлкін тәркіленумен қатар 21 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Енді жуырда осынау олигархтың жұбайлары мен қыздары ала алмай қалған жалақыларын даулап, сотқа арызданды. Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының судьясы Қайрат Ізбасаровтың айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айында Т.Төлешовтің жақындарынан 6 талап-арыз келіп түскен. «Дархан Group» ЖШС-нен жалақыларын өндіру үшін сотқа жүгінгендердің барлығы да Т.Төлешовтің жақындары, туыстары, қыздары. Олар серіктестікте басшылық лауазымдарда қызмет атқарған. Коммерциялық директор, атқарушы директор және оның орынбасарлары сынды қызметтерде болған. Олардың қолдарында «Дархан Group» ЖШС-нен берілген анықтама бар. «Анықтамада айлық жалақы мөлшері толық есептелініп, көрсетілген. Яғни, онда қылмыстық іс қозғалуына орай есепшоттардың бұғатталуы себебінен қарыз жалақыны төлей алмай отырмыз делінген», – дейді судья. «Дархан Group» ЖШС-нің Төлешовтің жұбайлары мен қыздарының алдындағы жалақы мөлшерінен қарызы біраз соманы құрап отыр. Мәселен, жалақы мөлшерінің ең азы 13 млн 850 мың теңге болса, ең көбі 28 млн 900 мың теңге көлемінде. Алайда олар құжат жүзінде жалақы алып отырғанымен, ешқайсысы да жұмысқа келмейтін болған. Естеріңізде болса, бұл туралы түрлі мәлімет тараған еді. Мәселен, кәсіпкердің туыстарына арналып ашылған штаттар бойынша оларға ай сайын 2,5 миллион теңге көлемінде айлық жалақы жұмысқа келмесе де үлестіріліп отырған екен. Судьяның айтуынша, істі қарау барысында сот бұл талаптар нотариалдық кеңсенің ісіне жатады деген тұжырымға келіп, істі қараусыз қалдырған. «2019 жылдың басындағы заңның өзгеруіне байланысты бұл талаптар даусыз талап деп танылып, нотариаттық палатаға берілген. Бұрынғы Азаматтық процессуалдық кодекс бойынша егер есептелген, бірақ аударылмаған жалақы туралы талап-арыз болса, сот өндірісіне бұйрық арқылы іс жүргізу тәртібімен 3 күннің ішінде қаралуы тиіс еді. Қазіргі заңға сай, мұндай арыздарға нотариаттар атқарушылық жазба жүргізеді. Сол жазбаның негізінде сот орындаушы оны өндіріп алуға әрекет жасай алады. Яғни, есепшоты бұғауда тұрған мекемедегі қаржыны алуға сот орындаушының құқы бар», – дейді ол. Демек, олигархтың туыстары енді кез келген нотариаттық кеңсеге барып, атқарушылық жазба алса болды, тиісті қарыз айлық жалақыларына қол жеткізе алады. Әрине, екінші тарап, яғни мекеме қаржыны төлемеймін деп келіспесе, сотқа қайта жүгінеді. Дегенмен «Дархан Group» ЖШС-нен айлық жалақысы толық есептелген, бірақ есепшоттың бұғауда тұрғаны себебінен төлей алмай отырмыз деген анықтамасынан олардың қаржыны үлестірудің заңдық жолын таба алмай отырғанын байқауға болады. Оның үстіне «Дархан Group» ЖШС құрылтайшыларының ішіндегі үлесі ең көбі де осы атақты ірі бизнесмен болған Т.Төлешов екені белгілі. Демек, сыра зауытында империя құрған бұл әулеттегі қаржылық жетіспеушілік енді сезіле бастаса керек. Себебі сот үкімінің шығып, есепшоттың бұғаттауға қойылғанына да 4 жылға жақындап қалды емес пе?! Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы