Қонаев гарнизонының «Жағалау» полигонында Қорғаныс министрі Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының баяндамасын тыңдады. Генерал-майор Алмаз Жұмакеев ҰҚШҰ-ның «Мызғымас бауырластық – 2024» Ұжымдық бітімгерлік күштерімен өтетін оқу-жаттығуға дайындық туралы баяндады.
Армия авиациясының тікұшағымен генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Шошқалы» полигонын айналып ұшып өтті.
Министр 65229 әскери бөліміне барып, онда әскери нысандарды аралап, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің авиациялық техникасы мен қару-жарағын ұстау шарттарымен танысты.
Қарулы күштер Мемлекеттік әскери-тарихи музейінің филиалында Қорғаныс министрі объектінің көлем құрылымын ұлғайту және экспозициялық залдарды жаңарту мақсатында жүргізіліп жатқан жөндеу және қалпына келтіру жұмысының барысын тексерді. Музей бастығы Алуа Байқадамовамен кездесуде генерал-полковник Руслан Жақсылықов жұмыстарды сапалы және уақытылы орындау қажеттігіне назар аударды.
Сапар аясында ведомство басшысы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығына да ат басып тіреп, инфрақұрылымдық нысандарды аралап, ұлттық контингентті БҰҰ-ның Голан жоталарындағы бітімгерлік миссияға жіберуге қатысты бірқатар нұсқаулар берді.
Алматы қаласындағы Орталық әскери емханаға барған кезде қорғаныс ведомствосының басшысы мекеменің емдеу-диагностикалық жабдықтармен, тиісті құралдармен және дәрілік заттармен қамтамасыз етілуімен танысты. Министр бекітілген контингентке сапалы амбулаторлық-емханалық және консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қажеттігін атап өтті.