Дегенмен ақылы курстар құны көптің қалтасын көтере бермейді. Ал алматылық студент Нұрдәулет Байханов ойлап тапқан UNAI мобильді қосымшасы бұл мәселені оңтайлы шешуге көмектеседі. Оның су жаңа жобасы кез келген сыныпта оқитын мектеп оқушысының өз білімін тегін сынап көруіне мүмкіндік береді.
UNAI деп аталатын қосымша Нұрдәулеттің алғашқы ойлап тапқан жобасы емес. Қазір маркетинг саласын қатар алып жүрген дарынды студент осы уақытқа дейін өзін бірнеше жобада сынап көрген.
– Біз 11-сынып оқушылары үшін көптеген курс жасадық. Кейіннен бұл курстар оқушылар үшін қолжетімсіз екенін түсіндік. Себебі олардың бағасы қымбат немесе курсты қалай алу керек екенін біле бермейді. Оқушылардың қалтасында қомақты қаражат болмайды ғой. Ақша болған күннің өзінде аз көлемде болуы мүмкін. Өзім де кезінде оқушы болғандықтан, бұл жағдайды басымнан өткердім. Сондықтан мектеп бітіруші түлектердің жағдайымен жақсы таныспын. Нәтижесінде, біз ата-аналардың қалтасына ауырлық салмас үшін әрбір оқушы кез келген уақытта ҰБТ-ға тегін дайындалатын қосымшаны іске қостық, – дейді жоба авторы.
UNAI қосымшасының ең тиімді тұстарының бірі – оқушы емтиханға жеке дайындалып қана қоймай, топпен жарыса отырып білім деңгейін анықтай алады. Бағдарламадағы сұрақтар әркез жаңартылып отырады. Мәселен, биыл 2023 жылы ҰБТ-да келген емтихан сұрақтары қосылады. Нұрдәулет оқушылар үшін маңызы зор қосымшаны жасауға аз уақыт жұмсалмағанын айтады.
– UNAI бағдарламасын іске асыруға бір жарым жыл уақыт кетті. Жоба авторларының бірі осы салада тәжірибесі мол кәсіпкер әрі мұғалім – Әділет Имашев. Бұл – командалық жұмыстың нәтижесінде жарық көрген жоба. IT мамандары және оқушыларды ҰБТ-ға дайындайтын мұғалімдермен бірлесе отырып осы қосымшаны толықтай құрастырдық. Басында техникалық ақау тұрғысынан қиындықтар туындағаны рас. Алайда қазір жобаны жан-жақты қарастырып, ақауларды қайта ретке келтірдік. Қосымшаның unai.kz деп аталатын Instagram және TikTok прақшаларында бағдарламаны қалай қолдану қажет екені жайлы толық нұсқаулық көрсетілген. Егер оқушы қосымшаға мүлдем кіре алмаған жағдайда біздің күні бойы жұмыс істейтін байланыс қызметімізге хабарласа алады, – дейді студент.
Бағдарламаны кез келген қазақстандық Play Market және App Store қосымшасы арқылы жүктеп алуға мүмкіндік қарастырылған. Тіпті, әлемнің өзге түкпірінде жүріп-ақ UNAI-мен ҰБТ сұрақтарына дайындалуға болады. Тағы бір оңтайлы тұсы – баланың қай сабақтан деңгейі төмен, керісінше қай пәннен білімі жақсы екені арнайы көрсеткішпен ұсынылып отырады. Осы тұста жоба авторынан қосымшаның негізгі функциялары мен бағдарламаны әзірлеу барысында қандай артықшылықтарға сүйенгені турасында сұрап көрдік.
– Қосымшаның басты функциясы – оқушының кезеңдерін, анализдерін сараптап, барлық маңызды ақпаратты көрсетіп отырады. Онымен қоса, оқушы емтиханға жеке өзі немесе досымен бірге дайындық жүргізе алады. Расында, ешкім ҰБТ-ға дейін өзінің қанша балл жинайтынын білмейді. Қосымша арқылы жеке оқушы немесе 12 адамнан тұратын топ турнирге қатысып, бір-бірімен жарыса алады. Осының арқасында көрсеткіші төмен болған оқушы ҰБТ-ға дайындықты үдетеді. UNAI-дан өзіне қажетті толық ақпаратты жинайды. Қосымшада берілген кейбір сұрақтардың жауабын білмесе, кітаптан ақтарып іздей бастайды, – дейді Нұрдәулет.
Нұрдәулет сөз соңында биыл 100 мың оқушы ҰБТ-ға осы бағдарлама негізінде дайындық жүргізгенін қалайтынын жеткізді.
– Біз жасаған жоба кез келген саладағы болашақ маман иесіне пайдасын тигізетін қосымша болса екен дейміз. Бағдарлама арқылы оқушы өзінің осал тұстарын тауып, дайындықты қайта күшейтсе, ҰБТ нәтижесінде грант жеңіп алса, университетте төрт жыл бойы білім алып, мықты маман иесі атанса білім іргетасының қалануына біздің де үлес қосқанымыз деп білеміз. Қазірдің өзінде командалармен ашық жұмыс істеуге дайынбыз. Себебі бірлесе жұмыс істеп, күш біріктіру арқылы ғана біз үлкен жетістіктерді бағындыра аламыз, – дейді талапты жас.
Студент алдағы уақытта оқушыларға арналған жобамен шектеліп қалмақ емес. Нұрдәулет қазір спортпен айналысатындар үшін ұтымды болатын кезекті жоба әзірленіп жатқанын айтады.
– Мәселен, сіз теннис ойнағыңыз келеді немесе ер адамдар футболға барады. Бүгінде бос тұрған спорт залдарын табу қиын. Әркез табыла бермейді. Ал біз ұсынатын жобада спортзалдың атаулары, бағасы анық көрсетіліп тұрады. Яғни, бағдарлама арқылы сіз орынды алдын ала брондай аласыз. Өзіміз спортзалға көпшілік болып барған кездері орын таба алмай қаламыз. Сондықтан алдағы уақытта жарық көретін жоба осы мәселенің алдын алуға көмектеседі деп ойлаймын, – дейді жоба негізін қалаушы Нұрдәулет Байханов.
Нұрдәулет болашақта әлемдік проблемаларды шешуге атсалысатын өзекті жобаларды жүзеге асырғысы келеді. Маркетинг саласында бес жылдан аса жұмыс істеп келе жатқан кейіпкеріміз кәсіпкер мен сатып алушы арасында көпір болып, оларға тұрақты табыс әкелу арқылы үлес қосуды мақсат тұтады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы