Ебінің желі елге қызмет етеді

Жетісу жеріне «жасыл» энерге­тиканы дамытудың мүмкіндігі же­терлік мол. Күн­нің көзі молынан түсетін аймақтар, арынды өзендері арқырап ағатын сай-салала­ры­мен бірге екпіндей соға­тын желін ба­ғын­дырса, айна­ласын электр қуа­тынан та­рық­тырмайтын аумақтар да баршылық.

Солардың бірі – Алыстағы Алакөл ауда­ны­ның ең шет­кері жатқан ауы­лы, елдің ше­тін­де, жер­дің өтін­де, мемле­кеттік ше­караның түбінде орналасқан Достық елді мекені маңын­да­ғы кей­де апталап аңы­ра­ған­да  ел­дің де зықысын шы­ғарып жіберетін Ебінің желі.        

Ел ежелден «Жоңғар қақ­пасы» деп атап кеткен аңғардан есетін желді ба­ғындыру арқы­лы электр қуатын өндіру бас­та­масы өткен ғасырдың тоқ­са­ныншы жылдарының соңына та­ман қозғалып, шетелдік инвес­торлардың көмегімен Достық теміржол бекетінің жанынан алып желден электр қуатын өндіретін алып қон­дырғы тұрғызылған болатын. Алғашына алыстан көзге шалынатын көрінісімен-ақ  елді қуантқан сол стансы со­дан бері  электр қуатын өндірді дегенді естімеппіз. 1998 жылы шекаралық елді мекенге жол түскенде жергілікті басшылар осы нысанды мақтана көрсетіп, болашақта мұндайлардың көбейетіні жайлы жоспарларын жайып салған еді. Содан бері «қалқайып тұрған қонырғының алып қалақтары қозғалғанын көрмедік дейді» жергілікті халық. Бірнеше инвестор ауысқанымен одан ештеңе шықпапты. 

Оның есесіне көрші елдегілер «Жоңғар қақпасынан» соғатын желдің жолына жел электр стан­саларын самсатып, тізіп салып тастады. 2008 жылы тамызда Үкі­меттік делегациямен  Достықпен көр­шілес жатқан Алашанькоу бекетіне барғанымызда  желден қуат өндіретін қондырғылардан сап тізіп тұрған тұтас қалашықты көргенде қайран қалып, бізде қалқайып тұрған жалғыз мұнараға қарап, басымызды төменге салып,  бармақ шайнағанымыз есімде. 

Одан кейін Алматы облы­сын­дағы шекаралық өңірді өр­кендетудегі басты назар Қорғас жаққа ауып кетті. 2009 жылы Жетіген – Қорғас теміржол тармағы іске қосылды. Бұрын Қытаймен екі арадағы жүк тасымалында баламасы болмаған Достықтың маңызы төмендеп кеткендей болды. Шекаралық теміржол бекетін да­­мы­­туға байланысты қолға алын­ған бірқа­тар жоба орта жолда қалды. Тек кейінгі жылдары ғана  Достықтың экономикалық әлеуеті қайта сараланып, жаңа жобалар қолға алына бастады. Солардың бастысы аймақтың географиялық орналасуындағы зор мүмкіндікті, табиғи артықшылықты мемлекет мүддесі үшін пайдалану бо­лып саналады. Соның ішінде апталап соғатын жел дәлізінің екпінін ел игілігіне айналдыруға қатысты нақты бетбұрыс жасалып, жүзеге аспай қалған жоба  жаңғырды. Тек тағы да орта жолда қал­масын деп тілейік. 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, күні кеше облыс әкімі Бейбіт Исабаев облыс аумағында жасыл энергетика саласына қаржы салып, «жасыл» энергетика өндіруге қатысты ірі жобаны жүзеге асыруға ниет білдіріп отырған инвестор компаниялардың өкілдерімен кездесіпті. Іскерлік жүздесу барысында, әлемде дәл қазір қалыпасып отырған түрлі жағдайға байланысты «жасыл» энергетиканың маңызы алға жыл­­жыған жылдармен бірге артып отыр­ғаны айтылып, аталған бағытта қолға алынар жобалар жайлы сөз қозғалды.  Осы орайда, Жетісу өңірінің су, жел, күн энегриясын өндіруге қатысты мүмкіндігі мол екеніне тоқталған облыс бас­шы­сы Алакөл ауданының  Қы­тай­мен екі арадағы шекарада орналасқан Достық елді мекені маңынан қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасын салуға қатысты жоба жайлы ойын ортаға салды. Былтыр өңірде  электр энергиясын тұтыну 218 МВт құраса, соның ішінде ЖЭК үлесі – 93,5 МВт немесе тұтынылған барлық электр қуатының  шамамен 43% болыпты. Осының өзі-ақ облыстағы «жасыл» энергетиканың әлеуеті зор екенін аңғартады. 

Былтыр  желтоқсанда Мем­лекет басшысы ACWA POWER компаниясы директорлар кеңесінің төрағасымен кездесті. Сол жүздесуден кейін келі­сім­дерге, Жол картасына қол қойылды. Біз өз тарапымыздан Алакөл ауданы әкімдігінің қаулысымен жер телімін белгіледік. Енді сіздердің компанияларыңыздың ма­мандары барлық мәселені егжей-тег­жейлі пысықтау үшін сол аймаққа ба­руы керек, жел турбиналары мен қа­жетті жабдықтардың қайда және қа­лай орнатылатынын анықтауы керек, – деді облыс басшысы ACWA POWER компаниясының ТМД-ғы бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Джай Пракашқа  әңгімелесу барысында. Дәл қазір ауа райының тым қолайсыз болып тұрғаны ескеріліп, шетелдік  мамандардың Алакөлге жұмыс  сапары жер аяғы кеңитін көктемге  жоспарланды.

Мұнан соң кездесуге қатысу­шылар өңірдің экономикасына 883 млрд теңгеден астам инвестиция салынатын осы іргелі жобаны іске асырудың жолдарын талқылап, егжей-тегжейін талқылады. Облыс әкімдігі тарапынан заңды түрде қажетті барлық қолдау көрсетілетіні айтылды. Үкіметтік деңгейдегі ірі ха­лық­аралық жобаны іске асыру про­цесін жеделдетуге екі тарап та мүдделлік танытты. Естеріңізде болса, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші конференциясы аясында Жетісу облысында  жел электр стан­сасының жобасын іске асыру тура­лы үкіметаралық келісімге қол қойған болатын. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы