Содан бері екі айға жуық уақыт өтті. Осыған орай БҚО әкімі Нариман Төреғалиев баспасөз конференциясын өткізді. Журналистер осы «Ризық» кафесіндегі жарылысқа қатысты да сұрақ қойды. Көпшілікті осы оқиғадан кейін қаладағы адам көп жиналатын қоғамдық орындардың қауіпсіздігі толғандырып жүргені жасырын емес. Ал әкім кафедегі жарылысқа қатысты қылмыстық істің әлі тергеліп жатқанын айтты.
Қаңтардың 4-і күні түнде «Ризық» кафесінде болған жарылыс қаланы дүр сілкіндірді. Жұмыс істеп, нәпақа табамыз деп түнгі ауысымда жұмыс істеп жүрген өрімдей жастар бір түнде үйінді астында қалып қойды. Жарылыстан зардап шеккен адамдардың екеуі Өзбекстан азаматы болса, қалғандары – Орал қаласының тұрғындары. Төтеншеліктер үйінді астынан алты адамды алып шықты. Оның ішінде өрімдей жас қыздар да бар. Алдын ала болжам бойынша, газ баллоны жарылып, қос қабатты ғимараттың төбесі опырылып түскен. Кейін өрт шықты. Қайғылы оқиға салдарынан үш кісі қаза тауып, алты адам жараланды. Қасындағы тұрғын үйге де залал келді. Ал екі қыздың денесін қатты күйік шалған. Олар қазір Ресейдің Самара қаласында ем алып жатыр. Осы оқиғадан кейін ел ішінде облыстағы көпшілік тамақтанатын орындардың қауіпсіздігі қандай деген сұрақ жиі мазалап жүр. Біз де бұл сұрақты бірнеше мекемеге қойдық. Әзірге жауап бергені БҚО Төтенше жағдайлар департаменті ғана.
Осы оқыс оқиға бойынша тергеу әлі жалғасуда. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әлі күнге сараптамалар қорытындысы шыққан жоқ.
«Тек белгілісі – газ баллоны жарылған» деді төтеншеліктер. Қаланың қақ ортасындағы кафеде газ баллоны не үшін қолданғаны әлі күнге белгісіз. Кафе табиғи газ көзіне қосылған. Осы оқиға құзырлы құрылымдарға газ баллонды пайдаланатын нысандар мен үйлерді жіті бақылау қажеттігін ескерткендей.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің есебінде 7 010 нысан бақылауда тұр екен. Бұл нысандардағы өрт қауіпсіздігін төтеншеліктер ауық-ауық тексеріп тұрады.
– Бұлардың қатарына өрт қауіпсіздігі жоғары саналатын 1 632 нысан, орташа қауіпті 322 нысан, өрт қаупі төмен 5 056 нысан бар, – деді БҚО Төтенше жағдайлар департаменті өртке қарсы мемлекеттік бақылау басқармасы бастығының орынбасары Талғат Темірғалиев.
Қоғамдық орындардың өртке қарасты қауіпсіздігін БҚО Төтенше жағдайлар департаменті тексеріп отыр. Алайда қауіп жоқ емес. Әсіресе, газ баллонын қолданатындар үшін қауіп жоғары.
Біз осы ретте Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің коммуналдық шаруашылық және газ-техникалық инспекция секторының бас маманы Мерует Жұмақанованы сөзге тарттық.
– Биыл бизнес нысандарын тексеруге мораторий аяқталды. Сондықтан екінші жартыжылдықта кәсіпкерлік нысандарды тексеру ойымызда бар. Қазір тексеру кестесі бекітілгенше тек бақылау, түсіндірме жұмысын жүргізудеміз. Аптасына бір-екі рет рейдке шығамыз. Кәсіпкерлік нысандарға қатысты шағым түссе, ешкімнің рұқсатынсыз тексереміз. Ол үшін тұрғындардың өміріне қауіп төніп тұрғанын дәлелдейтін нақты фото, бейне айғақ қажет. Былтыр осындай шағыммен жеке кәсіпкердің қазандығын тексеріп, бұзушылықты жою жөнінде нұсқама берілді. Бізде газ баллон қолданатын тұрғын үйлер мен мекемелердің нақты саны жоқ. Десе де, орталық базардың айналасындағы бірен-саран кафе, қоғамдық тамақтану орындарының тұрмыстық газ баллонын қолданатыны белгілі. Жеке адамдар газ баллон пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін сақтамаған болса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 306-бабының 1-тармағына («Газ пайдалану, газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін пайдалану қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бұзу») сәйкес 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сәйкесінше, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 10 АЕК, орта бизнес үшін – 15 АЕК, ірі бизнес үшін – 20 АЕК қарастырылған деп атап өтті Мерует Жұмақанова.
Газ баллондарының жарылуына оларды пайдалану және сақтау ережелерін бұзу, құрылғылардың дұрыс жұмыс істемеуі себеп болып отыр. Мамандардың айтуынша, газ жабдықтарын уақытылы тексеру және жөндеу қажет. Газ баллондарын тек мамандандырылған ұйымдарда толтырған жөн. Бірақ бұл талаптарды да сақтамай отырғандар бар. Мамандар алдағы уақытта газ баллондарын қолдануға қатысты бірнеше тексеріс жүргізетінін атап өтті. Биылғы бизнес нысандарын тексеруге мораторий аяқталғаны жақсы болғанын айтады мамандар. Енді кез келген кәсіпкерлік нысандарының қауіпсіздігін тексеруге мүмкіндік болады деген үміт бар.
Ал бірнеше адамның өмірін жалмаған «Ризық» кафесіндегі оқиғаға қатысты БҚО Төтенше жағдайлар департаменті қазір Қылмыстық кодекстің 292-бабы, өрт қауіпсіздігі қағидаттарының өрескел бұзылу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Осы оқиғаға қатысты кафені жалға алушы азамат екі ай мерзімге қамауға алынған болатын.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы