Жұлдыз Сүлейменова, Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясының мүшесі: Мақсат – құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту

Соңғы кездері тұрмыстық вандализм әлемдегі жаһандық мәселелердің біріне айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, әлемдегі әрбір үшінші әйел физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көрген.

Бұл әлеуметтік дертпен күресу үшін әлемнің 155 елі заңдарында жазаны қатаңдатқан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында депутаттардың бастамасымен заң жобалары әзірленді. Заң жобаларына Асхат Аймағамбетов, Елнұр Бейсенбаев, Дания Еспаева, Жұлдыз Сүлейменова сынды депутаттар бастамашылық етті. Осыған орай біз аталған заң жобаларындағы талқымен толығырақ танысу мақсатында Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменовамен сұхбаттасқан едік.

– Жұлдыз ханым, соңғы кездері қоғам талқысындағы «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да жан-жақты зерделеніп жатқаны айтылады. Аталған заң жобасы не мақсатта әзірленіп жатқанын айта кетсеңіз...

– Құжат Мәжіліс депутаттарының бастамасымен Мемлекет басшысының отбасылық және тұрмыс­тық салалардағы зорлық-зомбы­­лықты қылмыстық жауапкершілікке тарту және кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбы­лық­тың кез келген түрі үшін жазаны қа­таңдату туралы тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді. Бұл заң жобасы мәжілісте қызу талқыға түсті. Өйткені әйел мен бала қауіпсіздігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі кім-кімді болмасын толғандырады. Сондықтан аталған заң жобасына қатысты нормалар, толықтырулар мен өзгертулер егжей-тегжей зерттеліп, депутаттар тарапынан көп сұрақ туындатты. Бұл заң жобасымен бірге ілеспе заң жобасы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады. Заң жобаларының негізгі мақсаты – барлық азаматтардың, оның ішінде әйелдер мен балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шараларының тиім­ділігін арттыруға бағытталған. Балаларға және әйелдерге жасалатын зорлық-зомбы­лықпен күрес – қоғам үшін ортақ мәселе және ол кеше ғана пайда болған жоқ. Баршаңызға белгілі, 2017 жылы отбасылық зорлық-зомбылыққа жаза декреминализацияланғаннан кейін осындай салдарларға тап болдық. 

– Заң жобаларының бірнеше маңызды аспектілеріне тоқталып өтсеңіз...

– Бірінші, зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар нормалар қарастырылған. Мәселен, 2017 жылдан бастап Әкімшілік құ­қық­­­­бұзушылық туралы кодексінде болған 73-1 Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін және 73-2 Ұрып-соққаны үшін баптар алынып, сәйкесінше Қылмыстық кодекске 108-1-бабы: Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, 109-1-ба­­­бы: Ұру жаңа баптары енгізіліп отыр. Жаңа заңда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 3 жылдан 8 жылға дейін, денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру 2 жыл­ға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылды. Бұған қоса, балалардың құқығын қорғау саласында 2 жаңа норма, мәселен, педофилия үшін, кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылды. 

Азаптауға байланысты айтар болсақ, жаңа заң жобасында азаптау қоғамдық жұмыстар 600 сағатқа де­йін не 3 жылға дейін бас бостанды­­ғынан айыру жазасы қарастырылды. Бұған дейін, егер отбасында ойран салатын азаматтың басқа тұрғын үйі болса, оның жәбірленушімен бір тұрғын үйде тұруына сот тыйым сал­­­ған еді. Ол норма жұмыс жасаған жоқ. Жаңа редакцияда зорлық-зомбылық құрбанын қорғау үшін сот ерекше жағдайларда белгілі бір мерзімге отбасылық-тұрмыстық қа­тынастар саласында қылмыстық құ­­қықбұзушылық жасаған адамға бірге тұруға тыйым салу түріндегі құқықтық ықпал ету шарасын қолдануға құқылы. Тағы қосымша айта кету қажет, Қылмыстық кодексте 98-3 жаңа бабы қарастырылып отыр. Бұл дегеніміз, қылмыстық құқық­­бұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу деген сөз. Осы баптың негізінде құқық бұзған азаматтарға тек жазаны күшейтумен қатар, сот шешімі бойынша керек деп таныған кезде медициналық ұйымдарда психологиялық көмектен өту мүмкіндігі қарастырылады.     

Сонымен қатар азаматтардың өтінішін күтпей-ақ, уәкілетті органдар зорлық-зомбылық фактілері туралы бұқаралық ақпарат құралдарындағы немесе әлеуметтік желілердегі хабарламалар негізінде шара қолдану мүмкіндігі қарастырылатын норма көзделген. Қылмыстық құ­қық­бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға сот шешімі бойынша не қылмыстық процесс тараптарының өтініші бойын­ша үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге, жәбірленушіні іздестіруге, қудалауға, оған баруға, ауызша, телефон арқылы келіссөздер жүргізуге және онымен өзге де тәсілдермен байланысқа түсуге тыйым салынатын ерекше талаптар белгіленуі қарастырылады.

– Түсінікті. Бүгінде суицид мәселесі өзектілігін жоғалтпай тұр. Бұл мәселе төңірегінде не айтылды?

– Суицидтің алдын алу мақсатында Қылмыстық кодексте жаңа 2 құрам бойынша норма енгізілді. Оның бірі – суицидке итермелеу, екіншісі – суицидті насихаттау бойын­ша. Мысалы, бұдан бірнеше жыл бұрын «Синий кит» секілді немесе өзге де әлеуметтік желілерде челендждер арагідік болып тұратыны жасырын емес. Суицидке итермелегені үшін 5 жылдан 9 жылға дейінгі мер­зімге бас бостандығынан айыру жазасымен қылмыстық жауапкершілік белгілеу ұсынылса, суицидті насихаттағаны үшін 200 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жаңа қылмыстық жауапкершілік енгізілуде. 

– Біз әдетте мәселенің себебімен емес, салдарымен күрестіндей көрінеміз. Мұның барлығы отбасы институтының әлсіздігінен туындап жатқан жоқ па? Отбасы институтын нығайту барысында қандай ұсыныстар айтылды?

 – Аталған құжатта «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының кодексінде Отбасы институтын нығайту бойынша нормалар талқыланды. Арнайы тоқталғым келетіні, кодекстің Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасының негіздері деп аталатын 2-бабында жаңа 9, 10-тармақшалар қарастырылды. Ол дегеніміз, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және ілгерілету, сонымен қатар балаларды дәстүрлі отбасылық құндылықтарға құрмет рухында адамгершілік және рухани тәрбиелеуді қамтамасыз ету қағидаттарына негізделеді. Дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға және ілгерілетуге, сондай-ақ дәстүрлі отбасылық құндылықтарды құрметтеу рухында балалардың адамгершілік және рухани тәрбиесін қамтамасыз етуге негізделген неке-отбасы заңнамасының қағидаттарын бекіту ұсынылып отыр. Бұдан басқа, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың мемлекеттік отбасылық саясатты іске асыру жөніндегі бірқатар құзыреттері қарастырылды. Мысалы, отбасы институтын нығайту жөніндегі негізгі нысаналы индикаторларды бекіту, өмірлік қиын жағдайдағы отбасыларды анықтау және оларға жан-жақты қолдау көрсету қарастырылатын болады.

– Интернаттық ұйымдарда тұратын балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету тұрғысында қандай ұсыныстар жеткіздіңіздер?

– Бұл жерде екі мәселе бар. Бірінші, жабық интернат ұйымдары, оған балалар үйлері де кіреді. Екінші, арнайы әлеуметтік-медициналық қызмет көрсететін ұйымдар. Бұл ұйымдарды тексеру үшін бүгінгі таңда арнайы жоспарлайды, хабарлама береді, сосын барып тексереді. Біздің ұсыныстарымыз: бақылау субъектісін алдын ала хабардар етпей, барлық үлгідегі және нысандағы балаларға арналған интернаттарда кез келген уақытта мемлекеттік ба­қы­­­­лау жүргізуді ұсынамыз. Мониторинг және алдын ала араласу, ескертусіз тексерулер жүйесін енгізу балалардың құқықтарын бұзу жағ­дай­ларын дер кезінде анықтауға және уақытылы көмек, қолдау көрсетуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Балаларға арнайы медициналық-әлеуметтік қызметтерді, сонымен қатар білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдарды, яғни балалардың жазғы лагерьлері, жалпы лагерьлеріне міндетті лицензиялауды ұсынамыз.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды қорғау мақсатында заң жобасында шаралар кешені көзделген. Балалар құқығын қорғауда жазалау шараларын қатаңдатумен қатар, қоғамның моральдық және этикалық қағидаттарын терең сіңіру қажет деп білеміз. Қ­ұ­қықбұзушылықтың кез келген тү­­ріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру және дамытуды мектептегі тәрбие және білім беру бағдарламаларына енгізу шарт. Бұл заң жо­баларын қабылдау – барлық азаматтардың өзін қорғалған әділ және құқықтық қоғам құру жолындағы маңызды қадам.

– Балаларға қатысты зорлық-зомбылық дегенде бүгінгі таңда ең бірінші балаларға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық еске түсетін жағдайға жетіп отырмыз. Осы ретте жұмыс тобы қандай ұсыныстарды алға тартты?

– Осы уақытқа дейін 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған балаларға жыныстық сипатта тиіскені үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға жегу және 40 күнге дейін қамауға алу жазасын біздің жұмыс тобымыздағы депутаттар қатаңдату шараларын енгізуді ұсынды. Оның ішінде Мұрат Әбенов сынды бірқатар депутаттар бұл жазаның құқық бұзушы үшін жеңіл жаза екендігін жеткізді. Біз бұл мәселені алдағы уақытта толыққанды қарайтын боламыз. 

– Біз әйелдер мен балалар құқығы мен қауіпсіздігі жайында жиі қозғап, ер азаматтарымызды естен шығарып алған жоқпыз ба? Ер азаматтардың құқығы, отбасындағы әке рөлі тұрғысында қандай нормалар бар?

– Жоғарыда атап өткен зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасие­тін қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар нормалар қарастырылғанын айтып өткен едім ғой?! Осы жерде, бір мәселеге баршаңыздың назарларыңызды аударғым келеді, бұл баптар тек әйел немесе бала құқығын қорғау­мен қатар, барлық құқығы бұзылған денсаулықтарына қасақана жеңіл зиян келтірілген және ұрып-соғуға тап балған барлық азаматтардың құқығын қорғауға бағытталады. Оның ішінде ер адам­дар да бар. Яғни, ер азаматтарымыз да аталған бап бойынша өз құқықтарын қорғай алады. Заңның тақырыбы ең басында әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға бағытталғанымен біз әйел мен баланы бөліп қарамай, қоғамдағы тәртіпті орнықтыру мәселесіне жіті назар аударып отырмыз. Негізгі мақсат – құқық­­бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту. Мәселен, біз әдетте көпбалалы аналар туралы жиі айтамыз. Дегенмен көпбалалы әкелерді де ұмытпауымыз қажет. Талқы барысында отбасы институтын нығайту үшін әкенің рөлін арттыруға да көптеген ұсыныстар айтылды. Заң бәріне ортақ. Біз үшін – қоғамдағы құқықбұзушылықтың азайғаны маңызды. 

– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз.

Сұхбаттасқан 

Наурызбек САРША