Электрлі «темір тұлпардың» өрісі кеңейеді

Жаһандық трендке айналған электромобильдерге Қазақстан да басымдық беріп отыр. Еліміздің ірі қалаларында олар үшін тегін автотұрақ орындары енгізіліп жатыр.

Былтырғы жылдың 25 қарашасында Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі өз отырысында Қазақстанның сұрауымен, одақ аумағына әкелінетін электромобильдерді бажсыз өткізу мерзімін тағы 2 жылға – 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартты. Биыл күшіне енетін жаңа заң көліктің бұл түрінің иелеріне басқа да игіліктер әкелмек. 

Ел электромобильге «жан беретін» ресурсқа ие

Экономист, профессор Ерлан Жола­ма­нов­тың түсіндіруінше, Қазақстан құруға ұмтылып отырған «жасыл» экономика бір­неше құрамдас бөлік­тен тұрады. Оған жа­сыл энергетиканы, инфрақұрылымды, қоғамдық көлікті дамыту, әр саладағы эко­логиялық оңды шешімдер, экоелдіме­кендерді (экопоселения) тұрғызу, қал­дық­тарды кәдеге жарату жүйелерін өріс­тету жә­не басқасы кіреді. 

Бұл тұрғыда, электромобильдер на­рығын ұл­ғайту ірі қалалардағы экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді. Сон­дықтан алдыңғы қатарлы елдер электрмен жүре­тін көліктерді өн­діруге және сатып алуғ­а миллиондаған дол­лар субсидиялар бөледі. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы 19 мамырда өткен бірінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Қазақстанның Қытаймен серіктестікте электрлі көліктер өндірісіне мән беруінің басты себебі мен мән-маңызын атады. Мемлекет басшысы ҚХР тарапының қолдауымен, елімізде электромобиль шығару жобасы жүзеге асырылып жатқанын, мысалға, JAC iEV7s, YUTONG және Golden Dragon электр автобустары құрастырылатынын тілге тиек етті. 

Яғни, бұл сала сонымен бірге көрші елмен ынтымақтастықты арттырудың бір құралына айналды. Былтыр электрмен қоз­­­ғалатын қытай көліктерін құрастыратын өндірісті іске қосу туралы келісімге қол қойылды. 

Президент айтқандай, мұндай машиналарды жасау саласын Қазақстанда жолға қоюдың тағы бір маңызды факторы бар: осы автокөліктерге және олардың батареяларына керекті литий, кобальт, никель және басқа сирек элементтердің мол қоры республикамызда шоғырланған. Ендеше, неге замананың өзі ұсынған мүмкіндікті қалт жібермей, қажетке жаратпасқа?

Осыған орай, жаңа Үкіметке қазыналы өңірлерде, бірінші кезекте Шығыс Қазақ­­станда тау-кен секторын басқару жүйесін тез арада жаңғыртып, сирек және жерде сирек кездесетін шашыранды метал кеніштерін игеру жүктелді. Мәселен, ШҚО экономикасы мен өнеркәсіп өндірісінің 70%-ға жуығын тау-кен металлургия саласы құрайды. Егер жаңа технологияларды енгізіп, өңдеуді талап ететін сирек металдар өндірісі өркен жайса, онда бұл өңірдің өнімдерінің қосылған құны да өсіп, табатын табысы еселеп артар еді. 

Үкіметтің дерегінше, электромобиль өндірісінің қарқынды өсуіне байланысты литий металын өндіру өзекті. Облыстың Ұлан, Шемонаиха аудандарында және Өскемен қаласының шетінде мемлекеттің балансында тұрған литийдің 6 кен орны бар. Бар­­­ланбаған кен орындары бұдан да көп екен. Бұл ретте, литийдің негізгі тұтынушыларының бірі Қытай, Азия нарықтары бізге жақын орналасқан. Қазақстанның жаңа Үкіметінің міндеті – еліміздің осы артықшылығын пайдаланып, кен орындарын барлау және өндіру жобаларына инвесторларды тарту болмақ. 

Ғалымдардың мәліметінше, қазақ жері­­­нің қойнауында 100 мың тоннаға дейін литий жатыр, алайда оларды өндіру үшін мол инвестиция қажет. Бұл кен орындары игерілсе, Қазақстан электромобильдердің бата­­­­рея­ларын да өзінде жасай алар еді. 

Қарқыны жөнінен әлемде Қазақстан алда

Президент қажетті инфрақұрылымды өркендету арқылы халықтың электрлі көліктерге көшуін ынталандыруды Үкіметке жүктеді. Осы мақсатта Мәжіліс «Кейбір заңнамалық актілеріне экология­лық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфра­құ­ры­лымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және оған ілеспе заң жобасын бі­рін­ші оқылымда мақұлдады. Бүгінде оны екінші оқылымға дайындау және пысықтау жүргізіліп жатыр. 

Әлемде электромобильдердің саудасы қызды: 2020 жылы тек 3 миллион 240 мыңы ғана сатылса, 2023 жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 17 миллионға жеткен. Зерттеулер көрсеткендей, 2035 жылға қарай дүниежүзінде электромобиль саны 130 миллионнан аспақ. 

«Бұл заңның алғашқы жобасы бір жылдан бұрын дайындалған. Ол кезде Қазақстанда электромобильдерді кең ауқымды қолдануға тежеуші фактор көп болды. Ең бастылары: арнайы инфрақұрылымның жоқтығы және мұнай өнімдерімен жүретін көліктер құнының одан арзандығы болды. Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді. Бір ғана жыл ішінде еліміздің мегаполистерінде көлік қуаттайтын стансалар ашылды. Қытайдан арзандау электромобильдер әкеліне бастады. Нәтижесінде, 2023 жылдың 1 қаңтарында елімізде электр қозғалтқышы бар небәрі 812 жеңіл көлік тіркелсе, бүгінде бұл сан 8 мың 600-ге жетті! Яғни, электромобиль саны аз уақытта бірден 10,5 есеге өсті. Осыдан-ақ оның өсім әлеуетін байқауға болады», – деді депутат Самат Мұсабаев. 

Бұл сан биылғы жыл қорытындысында тіптен тамаша, таңдандырарлық межеге жетуі мүмкін. Мәселен, Еуразиялық одаққа мүше елдердің бәріне бір жылда небәрі 96 мың электромобильді баж салығынсыз әкелуге рұқсат етілген. Сол квотаның үштен бір бөлігін – 30 мың автомобилді бір ғана Қазақ­стан алып алды. 

Қазақстанның климаты – күрт континенталды: қыста үскірік аяз бен ақырған боран, ал жазда жер апшысын қуырар аптап ыстық үстемдік етеді. Электрлі көліктер мұндайға көп шыдай бермейді. Соған қарамастан, қазақстандықтардың оған әуестігі артып барады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бір жыл ішінде жалпы автокөліктер санындағы электромобильдердің үлесі 2022 жылғы 0,01%-дан 2023 жылы 0,17%-ға дейін өсті. Олардың ең көп саны – 4,3 мыңы ауа райы барынша қолайлы Алматыда тіркелген.

Автоэксперттер қазіргі қарқын сақ­талса, биылғы жылы автокөліктің осы түрінің саны 25-30 мың межесін бағындырады деп болжайды. Салыстырсақ, халқының саны жөнінен Қазақстаннан 7 еседей үлкен Ресейде бүгінде небәрі 39,2 электромобиль тіркелген. Қазақстан бұл қарқыны жөнінен тек өз аймағында ғана емес, әлем бойынша алдыңғы қатарда. Алдымызда тек – Қытай, Еуропа мен АҚШ.

Электромобильдердің әлемдік саудасы да рекорд жаңарту үстінде: 2022 жылы 10,2 миллионы өткізілген. Бұл 2021 жылғыдан 56,9% көп. Осылайша, электрмен қозғалатын машиналардың жалпы сатылымдағы үлесі 14%-ға жетті. Басқаша айтқанда, төрткүл дүниедегі әрбір жетінші жаңа автокөлік – электр энергиямен жұмыс істейді. Салыстырсақ, 2017 жылы сатылған әрбір 100 автомобильдің біреуі ғана соған тиесілі болатын. 

Былтырғы 2023 жылы жаһандағы сатылған электромобильдер саны 14 миллионнан асты: бұл жаңа жеңіл көліктердің 18%-ы. Бірқатар болжам бойынша 2026 жылы әлемде өткізілетін жаңа автокөліктердің жартысына жуығы электромобиьдер еншісіне тиеді. 

Инфрақұрылым – істің ілгерілеуіне серпін

Қазақстандықтар тарапынан «жасыл» көліктерге сұраныстың көбеюі қажетті инфрақұрылымды өрістетуді талап етеді.

Сондықтан жаңа заң күшіне енсе, салаға қатысты бірнеше ізгі жаңашылдық өмірге жолдама алады. Біріншіден, қалалық, коммуналдық ақылы автотұрақтардың бәрін электромобиль көлігінің иелері тегін пайдалана алады.

Екіншіден, тұрғын үйлерде, жабық автопаркингтерде осындай көліктерді қуаттау стансалары жобаланады. Бүгінде оған тосқауыл қойылған. Заң күшіне мінген соң, тұрғын аймақтардағы зарядтау стансаларын техникалық пайдалану ережелері әзірленіп, бекітіледі. Мемлекеттік органдарға тиісті өкілеттіктер беріледі.

Үшіншіден, жергілікті биліктер электрлі машиналарды дамытуға міндеттеледі. Жергілікті атқарушы органдардың тиісті өкілеттілігі енгізіледі. Олар электрзарядты стансаларды орналастыру туралы шешімдер қабылдауы тиіс. Сөйтіп, такси тұрақтарын, әуежайларды, вокзалдарды, сауда және мәдени ойын-сауық нысандарын, мәдени-демалыс парктері мен алаңдарды, даңғылдар мен көшелерді қуаттау стансаларымен жабдықтауы қажет.

Төртіншіден, электромобильдердің өзге көліктер алдындағы басымдығы бекітілмек. Мәселен, бензинмен және дизелмен жүретін машиналарды электромобильдер үшін бөлінген орындарда қалдыруға немесе тоқтатып тұруға тыйым салынады. Бұл қағиданы бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік енгізіледі: жаңа айыппұл түрі пайда болады. 

Әзірге зарядтау стансалары жеткіліксіз. Әлеуметтік желіде мұндай станса-аялдамалардың тізімі берілген парақшалар бар: электрмен «қоректенетін» «темір тұлпар» иелеріне соған қарап, бағдарлануға тура келеді. Сарапшылардың айтуынша, еліміз бойынша 7,8 мыңдай электромобильге небәрі 180 зарядтаушы станса қызмет етеді. 

Жаңа заңмен сәулет, қала құрылысы, құрылыс ережелеріне сәйкес автомобиль жолдары бойынша бірнеше заңға түзетулер енгізіліп, республикада салынатын қала аралық жолдарға, айналма жолдарға қатыс­ты норма қарастырылмақ. Болашақта төселетін жолдарда электромобильдерге арналған стансаларды орнатуға орын қалдырылады және электрмен қамтамасыз етіледі.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар әрбір жанар-жағармай құю стансаларын (ЖҚС) өз аумағында электрмен зарядтаушы стансаны қосымша тұрғызуға міндеттеуді ұсынды. Бұл бастаманы жұмыс тобы қолдамапты. Елдегі электромобильдердің үлесі артса, оларға қызмет етуге бизнестің өзі құштарланады деп ұйғарылды. 

Мәселен, осыдан 15-20 жыл бұрын Қазақ­станда ЖҚС-тар тек дизель, бензин құятын. Бертінде елімізде көліктердің газға көшуі белең алғанда, бизнестің өзі реттеп, бензоколонкалар қасына газ құятын стансаларды орналастырды. Қазірдің өзінде «Гелиос», Qazaq Oil сияқты ірі және орташа компаниялар мегаполистерде электрмен қуаттаушы бағаналар орнатып та қойды.

Бұл көлік өздігінен отқа орана ма?

Әзірге Қазақстанда зарядтаушы стансаларды жерасты паркингтерде орнатуға уақытша тыйым салынған. Өйткені литий-ион­дық аккумуляторлар өздігінен өртенуі мүмкін деген қауіп бар. 

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, бұл тыйымды алып тастау үшін сәулет, қала салу және құрылыс салаларындағы мемлекеттік нормативтерге өзгерістер енгізу қажет. Сол арқылы жабық авто­тұ­­рақ­тарда орнатылатын зарядтаушы стансалардың тұратын орнына, санына қатысты талаптар бекітілуі керек. Жаңа заң осыған мүмкіндік беруі тиіс.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, тұрғын үйлерде қуаттаушы стансаларды жаппай орнатуға рұқсат етілсе, оған электр желілері шыдамауы мүмкін.

– Бұл мәселенің біраз қыры бар. Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге оларды қарастырып жатырмыз. Қазір паркингтерге тез қуаттайтын электр стансаларын қоюға ешкімнің құқығы жоқ. Ал баяу қуаттауға түнгі уақытта жол беруге болады, сонда тұрғындарға аса көп теріс әсері болмайды. Жалпы, жаңадан салынатын тұрғын үй кешендерімен техникалық шарттар жасасқанда электр желілері компаниялары мұны міндетті түрде ескеруге тиіс. Электр желілері дамыса, тез қуаттағыш стансаларды да қою мүмкін болады, – деген Энергетика министрінің орынбасары электр желілеріне жауап беретін компаниялардың даму бағдарламаларын, инвестициялық жобаларын бекіткенде бұл жайт та ескері­­­летінін уәде етті.

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыр­жан Сыздықов жерасты автотұрақтарында қуаттаушы стансалар орнату мәселесі бойынша шетел тәжірибесін зерделеп жатқандарын айтты. Мысалы, Ресейде ауданы 1 мың 200 шаршы метр болатын автопаркингтерде ғана он автомобильді қуаттайтын құрылғы қоюға рұқсат беріліпті. Бірақ Ресей шектеуге құмар ел. Сол себепті ТЖМ елі­міздің Сыртқы істер министрлігіне жүгініп, одан Қытай мен Түркияның тәжірибесін зерделеуді сұратыпты.

Қорытындысында, Бауыржан Сыздықов еліміз Қытайдың тәжірибесін үлгіге алуға ұйғарғанын хабарлады. Шың елінде 144-тен астам ұсыныс сипатындағы стандарт және 3 міндетті стандарт бар екен. Жақын арада ТЖМ тиісті мемлекеттік органдармен бірге Қытай еліне баруды жоспарлады. Соның барысында электромобильдердің өрт оқиғалары санын арттыруының алдын алу, өрт бола қалса, оларды сөндірудің тәсілдерін енгізу пысықталады. Ондай өртті қандай тәсілмен өшіру бойынша қазақстандық қағидаларға өзгерістер енгізіп те жатыр. 

ТЖМ дерегінше, елімізде 2022 және 2023 жылдары электрлі автокөліктердің өздігінен өртенуінің екі жағдайы тіркеліпті. Оның біреуі – қытайлық Zeekr болса, екіншісі – Tesla. Олар ұнтақпен сөндірілген.

Айхан ШӘРІП