Аралас жекпе-жектен (MMA) қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов «Жағың сынса да, сағың сынбасын!» подкастына сұхбат беріп, жас спортшыларға кеңесін айтты.
Спортшы түнгі клубта қыдыратын жастардан чемпион шықпайды деп есептейді. Айтуынша, алдына мақсат қойған адам оған дұрыс жолмен жетуі керек.
«Спорт жолына енді түскен жастарға айтар кеңесім, егер бір жарысқа дайындалып жүрсең, түнде қыдырмау керек. Түнде қыдырып, ары қарай демалып чемпион болған спортшыны көрсете аласыздар ма? Клубқа барып чемпион болып жүрген жігіттерді көрмеппін, есімде жоқ. Мысалы, мен қазір клубқа мүлде бармаймын, өмірімде, жас кезімде 1-2 рет қана барғанмын. Адам алдына мақсат қойса, жан-жағына қарамай, дұрыс ортамен алға қарай басу керек», - дейді Шавкат Рахмонов.
Спортшы сонымен қатар тойға, туған күн кештеріне де бармайтынын айтты.