Павлодар облысындағы Майқайың кентінде су құбырында ақау анықталды. Соған байланысты облыс әкімі Асайын Байхановтың қатысуымен жедел штаб құрылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Pavlodarnews-ке сілтеме жасап.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 21 ақпан күні Баянауыл ауданының Майқайың кентіне диаметрі 1020 мм суық сумен жабдықтау құбырында ақау анықталды. Ақау учаскесі «Екібастұз қалалық су арнасы» МКК екінші көтергіш сорғысынан 27 км қашықтықта орналасқан.
Жағдайға байланысты жедел штаб ұйымдастырылды. Ол жерде аймақ басшысы Асайын Байханов, Екібастұз қаласының және Баянауыл ауданының әкімі, сондай-ақ, облыс ТЖД басшысы бар.
«Ақаудың себебін анықтау және жою жұмыстарын «Екібастұз қалалық су арнасы» МКК күштерімен жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарына 30 адам және 10 мамандандырылған техника жұмылдырылды. Сондай-ақ сол жерде Павлодар облысы ТЖД және «Майқайыңалтын» АҚ мамандары жұмыс істеуде», – делінген хабарламада.
Майқайың кентінің тұтынушылары – тұрғындар судан ажыратылған жоқ. Сумен жабдықтау төмен қысымда жүргізілуде. Анықталған ақау жойылғаннан кейін толыққанды беру қайта басталады.