Қарағанды облыстық сотының ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мерекесіне орай «Алашқа темірқазық – хакім Абай» атты қалалық жас ақындар мүшәйрасы өтті. Мүшәйра Абайдың шығармашылығы мен ұлы дала ділмарлары, би-шешендердің қазақ қоғамындағы рухани мұрасын насихаттау, ғасырлар бойы дала заңын қалыптастырған би-шешендердің тұлғалық қасиетін дәріптеу, дала заңы мен сот жүйесіндегі дәстүр сабақтастығын көркем поэзия тілімен жеткізу мақсатын көздеген болатын. Іс-шараны Қарағанды облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Кәрімұлы ашып, қай ғасырда болмасын «ұлт деңгейін өсіретін» рухани қазынамыз Абай мұрасын насихаттау, оның шығармаларындағы ойларды заманға лайықты сабақтастыру және жалғастыру бүгінгі Қазақстан жастарының асыл парызы, азаматтық міндеті екенін, сондай-ақ мұндай ақындар сайысы жалпы сот жүйесінде тұңғыш рет ұйымдастырылғанын атап өтті. Мүшәйраға Қарағанды қаласынан 18 бен 30 жас аралығындағы ақындар қатысып, қазылар алқасы олардың әдеби тіл байлығына, мәдениетіне, тақырыпты дұрыс аша білуіне, жырдың көркемдігіне, ұтқыр сөз, ұтымды ойларына ерекше мән беріп, бағалады. Қазылар алқасының құрамына Қарағанды облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Ақсұңқарұлы және ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов, облыстық соттың судьясы Жұматай Жақыпов пен Қазыбек би аудандық сотының судьясы Жұмағұл Шүженов кірді. Мүшәйраға қатысушы ақындар «Абай және рухани жаңғыру», «Би-шешендердің қазақ қоғамындағы тұлғалық қасиетін дәріптеу», «Отансүйгіштік – ұлттық болмыстың үлгісі» деген тақырыпта өлеңдерін оқыды. «Абай және рухани жаңғыру» тақырыбында қатысушылар хакім Абайдың ой-пікірін терең белгілеп, Абай мұрасынан рухани нәр алу, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, жаңа менталитетті қалыптастыру бағытын көрсетсе, «Би-шешендердің қазақ қоғамындағы тұлғалық қасиетін дәріптеу» тақырыбында мұралардың ең қымбаты асыл сөз және қазақтың киелі де қасиетті шешендік өнері екенін паш етті. Отаншыл рухта тәрбиелеу, ақыл-ой мен парасаттылық сезімді қалыптастыру «Отансүйгіштік – ұлттық болмыстың үлгісі» тақырыбында ашылды. Ақындар сайысының қорытындысы бойынша І орынды облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми әдістемелік орталығының редакторы Бек Ноғайбай, ІІ орынды Қарағандыдағы банк колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Кәмшат Бауыржанқызы және тілші Жоламан Әйткен, ІІІ орынды Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің 4 курс студенті Жангелді Кенжебай мен Жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Майкен Жанайдар, сондай-ақ тілші Нұрбек Мырзабайұлы иеленіп, оларға Қарағанды облыстық сотының төрағасы дипломдар табыс етіп, ынталандыру сыйлықтарымен марапаттады. Ардақ СҰЛТАН