Naqyl söz тілдік қорды байытады

Қазір технология дәуірі белгілі. Сәйкесінше, бұл ғасырдың жастары да шеттерінен өнертапқыш. Оған Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері Алуа Едігеева мен Азиза Жақыпбектің жұмыстары дәлел. Аталмыш мектептің оқушылары заманауи талапқа сай келетін Naqyl söz қосымшасын ойлап тапқан.

Идеяның тууына жастар ара­сында қазақ тілінің қолдану аясы­ның тарлығы, жас буын өкіл­дерінің қазақша сөздер мән-мағы­насын ұғына бермеуі сияқты мәселелер түрткі болған екен.

 – «Өзге тілдің бәрін біл, өз ті­лін­ді құрметте» демекші, көп тілде сөйлеу   тенденциясы қар­қын­ды да­мыған заманда қазақ тілінің байлығын сақтап қалу, оны наси­хаттау маңызды деп санай­мыз, – дейді жоба авторлары.  

Мобильді қосымшаның құры­лымына келер болсақ, ол негізгі төрт бағытты қамтиды. Оның ішіне қазақ әдебиетінде шоқтығы биік ұлы тұлғалардың қанатты сөздері, ел арасында қолданыстан шығып қалған мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер мен көнерген сөздер кеңінен енгізілген. Қосым­шаның бірінші бөлімінде «Қанат­ты сөздер» бағытындағы нақыл сөздер автор­лардың есімі бо­йынша жіктеліп орналастырылған болса, екінші «Мақал-мәтелдер» бөлімінде Отан, табиғат, білім, от­басы және тағы басқа тақы­рыптарға көбірек ден қойылған. Ал «Тұрақты тіркестер»  және «Көнерген сөздер» бөлім­дерінде сөздер әліппе реттілігі бо­йынша орналастырылыпты.

Жоба авторлары заманауи қосымшаның ерекшеліктерін де атап өтті.

«Біз қазақ тілі пәнінің мұғалім­дерімен бірігіп, әрбір сөзге терең лингвистикалық талдау жасап, оның түсіндірмесін шығардық. Осы­лайша, қосымшада әр сөздің түсіндірмесі, қолдану аясы, оның ішінде әдеби кітаптардан мысал ретінде алынған үзінді және орыс, ағылшын тілдерінің аудармасы, тіпті  аудио жазбасы ұсынылған», – дейді  жас өнертапқыш Азиза Жақыпбек. 

Қазір жастардың қазақ тілінен бөлек бірнеше тілді бірге алып жүретінін ескеріп, қосымшаға өзге екі тілдің аудармалары енг­ізіл­ген. Бұл артықшылықтар арқылы өзге ұлт өкілдері қазақ тілінің күнделікті тұрмыста қол­данатын сөздерін жат­тап қана қоймай, қанатты сөз­деріміздің мағынасын түсіне алатын болады.

«Ағылшын тілі – әлемдік тіл екені дүйім жұртқа мәлім. Naqyl söz қосымшасы арқылы шетел­діктерге қазақша мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер, қанатты сөз­дерді үйрену және түсіну ыңғайлы  болады деп ойлаймыз», – дейді жоба авторы Алуа Едігеева. 

Жас өнертапқыштардың туын­дысын келешекте кез келген адам жүктеп, қолдана алатыны белгілі болды. Оның мақсатты ау­дито­риясына шектеулер қойыл­маған. «Мақал – сөздің мәйегі» демекші, жаңа қолданба сөздік қорын қазақ нақылдарымен ба­йыт­қысы келетін және мағыналы сөйлегісі келетін кез келген адамға қолайлы болары анық. Қазір аталған қосымшаның деректер қоры әлі де толықтырылып жатыр. Жақын арада Play-Market және AppStore электронды дүкен­дерінде қолжетімді болмақ.  

Арнагүл УАТХАН,

ЕҰУ-ның 4-курс студенті