Көкшетау қаласында шетелдік көліктерді заңсыз тіркегендер анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Агенттік мәліметінше, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Көкшетау қалалық ХҚКО-ның бұрынғы маманымен алдын ала сөз байласып, 2 адамның жалған төлем құжаттарын пайдаланып, алымдарды төлемей шетелдік көліктерді жаппай бастапқы тіркеуді ұйымдастырған. Істі ҚМА Ақмола облысы бойынша департаменті тергеді.
– Жалған төлем-есеп айырысу құжаттары арқылы 68 көліктің заңсыз тіркелгені анықталды. Бастапқы тіркеу үшін алым төлемеу түріндегі мемлекетке келтірілген шығын – шамамен 449 млн теңге, – деп жазылған хабарламада.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды.