Астана сотында мемлекеттік айыптаушы бұрынғы спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын қылмыстық істің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, – деп хабарлайды Halyq Uni.
Прокурор Олжас Хайруллаев Арыстанбек Мұхамедиұлын Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі (қылмысты ұйымдастыру), 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша кінәлі деп танып, 8 жыл 1 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) бойынша мүлкін тәркілемей, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 6 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды сұрады.
Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі – 249-бабы 1-бөлігі (рейдерлiк әрекетке дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша мүлкін тәркілемей, 2 жылға коммерциялық ұйымдарда әкімшілік-шаруашылық қызметпен айналысу құқығынан айырып, 3 жыл 9 ай бас бостандығынан айыруды сұрады.
Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі – 250-бабы 1-бөлігі (өкiлеттiктердi терiс пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасауды ұйымдастыру) бойынша 4 жылға соттауды сұрады.
"Қылмыстық кодекстің 58-бабы 6-бөлігі негізінде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылдың 13 ақпандағы үкіміндегі жазаны ішінара қосу арқылы қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша Арыстанбек Мұхамедиұлын мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырып, 12 жылға бас бостандығынан айырылсын", - деді прокурор.
Айта кетейік, бұған дейін Сот үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
АРЫСТАНБЕК МҰХАМЕДИҰЛЫ ІСІ
Бұған дейін Арыстанбек Мұхамедиұлы 2023 жылдың 20 маусымында 8 жылға сотталды.
"Арыстанбек Мұхамедиұлы 28-баптың 3-бөлігі (қылмысты ұйымдастыру) және 189-баптың 4-бөлігі 2-тармағында (аса ірі мөлшердегі сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін ұрлау) көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Арыстанбек Мұхамедиұлын мүлкін тәркілеусіз 8 жылға бас бостандығынан айырып, мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынсын", – деді судья.
Сондай-ақ экс-министр мемлекеттік қызметті атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Президенттің атына Мұхамедиұлын мемлекеттік наградаларынан айыру туралы ұсыныс енгізіледі.
Араға екі апта салып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министрдің әйелі пара беруге оқталғанын анықтаған. Ал олардың мүддесін қорғаған адвокат Мұстақым Төлеев алаяқтық пен пара беруге итермелеу әрекетін жасады деген күдікке ілінді.
Ол Арыстанбек Мұхамедиұлының жазасын жеңілдету және қамаудан босату үшін экс-министрдің әйелінен сот органдарының лауазымды адамдарына беру үшін пара ретінде 460 мың доллар алған.
2024 жылдың қаңтарында қылмыстық іс сотқа түсті. Арыстанбек Мұхамедиұлы Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа оқталу) – 367-бабы 4-бөлігі (пара беру) бойынша күдікке ілінген. Әйелі Ғалия Ысқақова 368-баптың 1-бөлігі (парақорлыққа делдал болу), Мұстақым Төлеев 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша сотқа тартылған.
Сот үкімімен әйелі Ғалия Ысқақова парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынып, 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Адвокаты Мұстақым Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
ДИПЛОМАТ ҚОНАҚҮЙІ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ДАУ
2023 жылдың қыркүйегінде Арыстанбек Мұхамедиұлы елордадағы «Дипломат» қонақүйін рейдерлік жолмен алды деген күдікпен қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды.
Тергеу мәліметіне сәйкес, 2019 жылы Арыстанбек Мұхамедиұлына елордадағы «Дипломат» қонақүйінің иесі, кәсіпкер К. жүгінген. Экс-министр оған 2,5 млрд теңге беруге келісіп, оның орнына қонақүйдің жарғылық капиталының 71%-ын енесінің атына жазып беруді ұсынған. Осылайша ол қонақүйді толық иемденіп алмақ болған.
Келісімге қол қойылған соң Мұхамедиұлы қонақүйге жиі келетін болған. Ол басшылардың бірі ретінде таныстырылған. Содан кейін экс-министр қонақүйдің қалған 29% бөлігін беруді сұраған. Алайда кәсіпкер К. бұл ұсынысты қабылдамаған. Тергеу мәліметіне сәйкес, содан кейін Мұхамедиұлы қызметкерлеріне «Дипломат» қонақүйіне кәсіпкер К.-ны кіргізбеуді тапсырған. Артынша компания иелерінің жалпы жиналысында жалған хаттама толтырылып, ЖШС директоры ретінде Мұхамедиұлының адамы таныстырылған.
Сот барысында экс-министр Мұхамедиұлы тағылған айыпты мойындамады.
"Құрметті сот, тағылған айыппен мүлде келіспеймін. Бұл – 2020 жылдан бастап С.Қ-ның қаржылық қиындыққа ұшырап, қаржылық мүмкіндіктері бар адамдарды жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан қылмыстық схемаға тартып, өз мәселелерін шешкен соң құқық қорғау органдарына заңсыз әдіспен жүгініп, адамдарды түрмеге қамап, бүкіл бизнесті өзіне қайтарып алған үшінші жағдай", - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы сот барысында.
11 желтоқсанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаевтың қаулысымен «Дипломат» қонақүйі мен Ұлттық музейге қатысты тағы бір іс біріктірілген еді.