Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше облыста бес бірдей ауданда су басу қаупі жоғары, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Биыл облыста су тасқынына қарсы 2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл өткен жылғы бөлінген қаражаттан 77 пайызға көп. Ведомство басшысы Қанат Доспаев алдағы көктемгі су тасқынына әзірлікте жағдайды қардың жылдағы мөлшерден көп түсуі әрі топырақтағы тоң күрделендіріп жібергенін жеткізді.
– Жыл сайын инженерлік қорғаныстың облыстық жоспарын орындау су тасқыны қаупі төнген елдімекендердің санын 112-ге дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Биыл өзен-көлде мұз жару және ғарыштық мониторинг жүргізуге облыстық бюджеттен 70 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Он ауданда жарылыс жұмыстарына келісімшарт жасалды. Жарылыс жұмыстары аумағы 20 мың шаршы метр болатын 15 учаскеде болмақ. Сонымен қатар облыс аумағында 486 мың текше көлемінде қар шығарылған, – дейді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Доспаев.
Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау және Астрахан аудандарына су тасқыны қауіп төндіріп тұр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы