Соған сәйкес, алдағы бейсенбіде сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарайды. Бұл заң кәсіпкерлік қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру және бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатымен әзірленген.
Құжат нормалары мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысандарын ретке келтіруге, кәсіпкерлік қызметті жүргізуге және дамытуға арналған жағдайларды жақсартуға, Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыруға арналған.
Сонымен қатар Сенат отырысында «Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң қаралады. Конвенция – жерүсті және жерасты суларын әділ және тұрақты басқаруға ықпал етудің жаһандық құқықтық тетігі. Олардың бөліктері әртүрлі мемлекетте кездесетінін атап өткен жөн.
Сондай-ақ «2014 жылғы 23 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде медициналық бұйымдар (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техника) айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң да палата отырысының күн тәртібіне шығарылды. Аталған құжат тиісті саладағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.
Одан бөлек, бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.