Қойылым алдағы уақытта өзге өңірлерде де көрсетілуі мүмкін. Жаңа қойылым жақында ғана Ақтөбенің драма театрына қызметке келген Әділет Мұхтар үшін үлкен сын болды. Себебі жас актер басты рөлді алғаш рет сомдап отыр. Сондықтан болар, туындының сахнаға дейінгі дайындығы үлкен қобалжу және үреймен өткен. Бірақ мейлінше кейіпкердің бейнесін шынайы ойнауға тырысты.
– Бұл рөл менің өмірдегі мінезіме, табиғатыма қарама-қайшы. Мен өмірде мүлде ондай адам емеспін. Соның барлығын сындыру керек болды. Туғаннан бастап Қобыландының жасөспірім болу кезеңі бар кішкене, одан кейін қызылбастарға шапқан кезі, Құртқаны өзінің қалыңдығы қылып алып келетін кезі, Қазанмен шайқасатын жерлері бар, – деді Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актері Әділет Мұхтар.
Спектакль Қобыланды батырдың өмірі мен ерлігін, елдік пен бірлікті сақтаудағы қаһармандығын көрсетеді. Қойылым барысында көрерменді ішкі жан дүниесіндегі арпалыс, тартысты тап басып білуге, болмысының қатпар-қатпар құпиясына үңілуге, нағыз тұлғасын тануға жетелейді. Ал басты ерекшелігі – шешендік сөздің құндылығында. Алматыдан арнайы шақырылған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының бас режиссері Дина Жұмабаева: «Батыр туралы көпке танылған 29 жыр нұсқасынан бірізділік табуға тырыстым», – дейді.
– Менің ойымша, қазіргі заманда жастар жырдың сөзін ұмытпау керек, құлағында болу керек. Бұл жерде мен Қобыландының қаншама соғыстан өткенін көрдім. Ең бастысы, адам адам болып қалу керек. Адам болып қалу үшін Алла Тағалаға табыну керек. Осындай оймен соңында бір нақты нүктесін қойдым, – деп пікірімен бөлісті «Ұмай» сыйлығының иегері Дина Жұмабаева.
Эпос желісі бойынша жазылған қойылым екі айдан астам уақыт бойы дайындалған. Туындыны 14 актер ойнап шықты. Енді алдағы уақытта театр ұжымы гастрольдік сапарға шығуы да мүмкін.