Жастар – диалог алаңында

Bir Tolqynda диалог алаңында жастар энергия қауіпсіздігі мен су тапшылығы тақырыбын талқылады. Іс-шараны «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының Ақтөбе облыстық филиалы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетімен бірігіп ұйымдастырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты  Жолдауында суды жүйесіз пайдалануға мүлде болмайтынын баса айтқан болатын. Мемлекет басшысы Үкіметке энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауды тапсырды.  

Кездесуде жастар осы мәселеге кеңінен тоқталып, ең қымбат ресурстарды дұрыс пайдалануды, есепсіз шығынға қатаң бақылау қажет екенін айтты. Сонымен қатар экологиялық мәдениетті кеңінен насихаттады. 

Университеттің 1-курс студенті Аделина Жұмашева су мәселесіне алаңдаушылығын білдіре отырып су тапшылығының алдын алу барысындағы жұмыстар туралы сұрақты ортаға тастады.   

Кездесуде экокеңесші, EcoMADENIET компаниясының директоры Айман Сексенова ауызсуды үнемді пайдаланудың тиімділігін жан-жақты түсіндіріп жастардың көкейіндегі сауалдың түйінін тарқатты.   

«Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстан 2050 жылға қарай суға өте мұқтаж елдердің санатына кіруі мүмкін. Аталған мәселені өркениет жолымен шешу үшін суды үнемдеп пайдалануымыз қажет. Мәселен, тіс тазалап жатқанда суды өшіріп қойыңыз. Осылай суды үнемдеп қана қоймай, қор­шаған ортаға зияныңызды да тигізбейсіз», – дей отырып ауызсуды үнемдеу осы сияқы қарапайым қағидалардан басталатындығын атап өтті Айман Сексенова.  

Ол жастарға экологиялық мәдениетті сақтаудың маңыздылығы жайлы да ақпарат берді. Экологтер қоршаған ортаны ластамау мақсатында күнделікті ішіп жүрген түрлі сусынның пластикалық бөтелкесін қайта өңдеу үшін Фандомат автоматтарын қолдану қажет екенін айтып жастарды қоршаған ортаны қорғауға шақырды.