Вьетнам қазақша оқуға көшті

Май Фам есімді бойжеткен қазақ тілін небәрі 1 жылда үйренген. Енді өзі қазақша білгенімен қоймай, өзгелерге үйретіп жүр. Тіпті, вьетнамдықтардан бөлек, өзге елдің ұл-қыздарына қашықтан сабақ береді. Оқытушы – қазақ емес, сол жердің азаматы.

Димаш Құдайбергеннің өнері арқасында қазақ мәдениетіне құлай ғашық болған Май Фам бүгінде қазақшаға ден қойған. Мақсаты – Димаштың ана тілін түсіну, төл мәдениетіне терең бойлау. Онысы жайлы әншінің Алма­ты­дағы концертінде, дүйім жұрттың алдында қазақша мәлімдеген еді. 

– Қазақ тілін үйрену мені керемет ба­қытқа бөлейді. Осы тілді үйрету барысында оқушыларым ғана емес, мен де көп үйре­немін. Олардың қойған сұрақтары менің көп ізденіп, оларға тұшымды жауап беруіме ынталандырады. Вьетнам әліпбиі латынша, ал қазақ әліпбиі кирилше болса да, егер байқап отырсаңыз, екеуі бірдей-ақ. Олардың негізгі айырмашылығы – әріптердің дыбысталуында. Әрине, ережелер басқаша, бірақ бір жылға жуық уақыт үйренгеннен кейін қатты қиын болмайды, – дейді қазақ тілінің оқытушысы Май Фам. 

Аустроазиялық тілдер тобына жататын вьетнам тілі түркі тілдер тобындағы қазақ­шаға мүлдем ұқсамайды. Тарихи байланысы да жоқ. Алайда Май мен оның оқушыларына бұл кедергі емес. Бастысы, Димаштың ана тілін түсінсек, қазақ тілінде сөйлесек деген ниеттері бар. Май оқу құралы ретінде Димаш туралы жазатын жаңалықтар порталын да қолданады. Себебі онда мәтіннің қазақ тіліндегі нұсқасынан бөлек, ағылшыншасы да бар. Салыстыра аударып үйренгенге жақсы. Оған қоса, қазақ тіліндегі субтитрлары бар бейнематериалдарды көрсетеді. Алайда мұндайлар көп емес. Алда сондай видеолар көбірек болса деген тілегі бар.