Жастарға арналған кеңсе болмағаннан кейін олар әр бұрышты паналап жүр. Тараз қалалық Жастар ресурстық орталығы тозығы жеткен ғимаратта күнелтіп отырса, аудандарда үй ішінен үй тігіп, аядай бөлмеде қысылып отырған жастар да бар.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын Тараз қаласының қақ ортасынан жастарға арналған Qabilet орталығы пайдалануға берілген болатын. Үлкен екі залдан тұратын орталықтың ашылуына сол кездегі атқамінерлер арнайы келіп, жастардың қуанышында шек болмаған еді. Бір зал Жастарға қызмет көрсетулер орталығы болса, екіншісі – Волонтерлер жылы аясында ашылған «Асыл мұра» фронт-офисі ретінде қызмет көрсеткен. Тіпті, фронт-офисте өңіріміздегі тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтауға волонтерлерді жұмылдыру және еріктілерге қолдау көрсететін әдіснамалық орталық ретінде 1 000 ерікті кәсіби гид болып даярланады деп көзделген. Алайда аталған орталықтың ғұмыры ұзақ болмады. Өңірде облыс әкімі ауысқан тұста жастар да орталықсыз қалып, аталған нысан қайта қаңырап бос қалды. Енді міне, бір кездері жастарға арналған Qabilet орталығы болған ғимарат Vstrecha атты караоке-барға айналып отыр. Осы ретте жастардың жанына батқан жағдай бойынша сол кездері Жамбыл облыстық Жастар ресурстық орталығын басқарған Айбек Таутенге хабарласып, мәселенің мәнісін сұрадық.
– Негізі, аталған нысан о баста жекеменшікте болатын. Біз оны жалға алып отырдық. Сол тұста облысты басқарған Бердібек Сапарбаев жастардың басын қосатын ғимарат салып беруге уәде еткен. Аталған нысан бой көтергенше, Qabilet орталығын жалға алып, жастарға қызмет көрсеттік. Алайда жастарға арналған ғимараттың жобалық құны қымбатқа түсетін болғандықтан әрі Qabilet орталығын жалға алу құны да қазынаға ауыр соғып жатқандықтан бізді Қойгелді көшесінің бойындағы бес қабатты ғимаратқа көшірді. Бердібек Машбекұлы сол бес қабатты нысанды толықтай жастарға беруді көздеген еді. Өз кезегінде біз де бес қабатты ғимаратқа арналған жоспарымызды жасап, әр қабатқа әр бағыт бойынша жастарды отырғызамыз деп сызбасын сызғанбыз. Сондай-ақ Құмшағал, Қант зауыты алқабы мен «За линей» аумағы жағынан да орталықтың үш филиалын ашып, қала жастарын толықтай қамту жоспарланған еді. Алайда бұл ойымыз жүзеге аспай қалды. Содан бізді ескі базар мағындағы тоғыз қабатты ғимаратқа көшіріп, жоспарлаған мақсатымызға жете алмай қалдық, – дейді Айбек Таутен.
Иә, байқап тұрсаңыздар, жастар о бастан «көшпелі халықтың» күнін кешіп, бір орыннан екінші орынға қоныс аударып жүрген екен. Ал Qabilet орталығын билік өкілдері жастарға арналған орын ретінде сүйіншілеп ашқанымен, ол да жалға алынған уақытша тұрақ болыпты.
Кеңестік кезеңдегі ғимаратта күнелтуде
Осы орайда Тараз қалалық жастардың қазіргі жағдайын білмек мақсатта ресурстық орталықтың директоры Абзал Есіркеповке хабарластық.
– Бұл мәселе талай жылдан бері жанымызға батып келеді. Қазіргі отырған орнымыз 1960 жылы салынған ғимарат. Өзіміз жеке-дара отырғанымызбен қолайлы жағдай жасалмаған. Қосымша қаржы қаралмағандықтан, әр жерден бір тартып, әйтеуір кеңсенің ішін ретке келтіргендей болдық. Бірақ жастармен жұмыс істейтін мекеме болғандықтан ғимараттың жарқырап тұрғанына не жетсін? Егер заманауи үлгідегі кеңсе болғанда ол да жастарды тартатын бір тетік саналар еді. Бірақ ғимарат мәселесі талай жылдан бері шешімін таппай келеді. Бұған дейін №2 ықшамауданындағы тұрғын үйдің астында отырдық, сосын тағы бір ғимаратты барып паналадық. Ал қазіргі кеңседе отырғанымызға 5 жыл болды.
Жастар ресурстық орталығында 36 маман қызмет істейді. Одан бөлек, 5 аула клубымыз бар.
Жасыратыны жоқ, қазір жұмыстың денін студент пен оқушы жастар жүргізіп жатыр. Алайда қалада NEET жастар сияқты басқа да санаттағы азаматтар бар. Міне, осы буынмен дұрыс жұмыс жүргізу үшін бізге қолдау керек, – дейді орталық директоры.
Негізі, жастарға арналған ғимарат мәселесін күні кеше Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековпен өткен кездесуде БАҚ өкілдері де көтерді.
– Еліміздің көптеген өңірінде жастардың бас қосып, тың идеяларын іске асыратын еңселі ғимараттар бар. Өкінішке қарай, бізде әлі бұл мәселе шешімін таппай отыр. Мәселен, облыстық Жастар басқармасы әр ғимаратқа қоныс аударып, тұрақтай алмай келеді. Қалалық Жастар ресурстық орталығының ғимараты да аядай ғана әрі көз тартпайды. Сондықтан Тараз қаласында жастарға арналған бір орталық бой көтерсе, жастарға бұдан артық қолдау болмас еді, – дейді Жамбыл облыстық Ar-Ai жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков.
Өз кезегінде шаһар басшысы бұл мәселе әкімдіктің жіті назарында тұрғанын айтып, алдағы уақытта оңтайлы шешімін табуына уәде етті.
Әрине, жастар мәселесі билікке жетіп, қолдау тауып жатса құба-құп. Әйтеуір, ғимарат салу мәселесі тағы жылдарға созылып кетпесе игі.
Аудандардағы жағдай да мәз емес
Осы ретте аудандардағы Жастар ресурстық орталықтарының жағдайын Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхардан білдік. Мұнда да жағдай мәз емес екен.
– Қазір Жамбыл ауданындағы Жастар ресурстық орталығының ғимараты болмаса, басқасында жағдай көңіл көншітпейді. Шу, Т.Рысқұлов аудандарындағы жастар ғимараты күрделі жөндеуді қажет етсе, Байзақ, Сарысу, Жуалы аудандары үй ішінен үй тігіп, аядай жерде отыр. Талас ауданында жағдай тіптен қиын. Жастар басқа мекеменің балансындағы ғимаратта отырғандықтан, олар сағат 18.00-де кеңсені жауып кетеді. Ал бізде кешкісін де келіп түсетін шұғыл тапсырмалар болады. Содан таластық жастар далада қалып, басқармамен жұмыс жүргізе алмауда.
Негізі, қай ауданды алып қарасаң да, жастардың шығармашылықпен айналысып, тың идеяларын жүзеге асыратын мүмкіндік жасалмаған. Аудан әкімдеріне жастарды ғимаратпен қамтамасыз ету мәселесін айтсаң, әйтеуір бір бұрышқа апарып тығып қояды. Сонымен, мәселе шешілді деп ойлайды. Алайда жастарға жұмыс істей алатындай мүмкіндік туғызу керек.
Күні кеше Алматы облысына іссапармен барып, 8 бірдей ғимаратты жастар үшін ашқанын көріп қызығып та, қызғана қарадым. Сегіз нысанның да іші жастарға қажетті дүниемен толықтай қамтылған. Олар енді мұндай орталықтардың санын тағы екі есеге көбейтуді жоспарлап отыр. Міне, жастарға жасалған жағдай – осы. Ал біз болсақ қарапайым ғимарат мәселесін шеше алмай келеміз, – дейді басқарма басшысы.
P.S.
Иә, жастардың жанайқайы орынсыз дей алмассың. Алматы облысын айтпағанның өзінде, көршілес орналасқан Қызылорда, Түркістан өңірлері мен Шымкент қаласындағы Жастар орталықтары көз сүйсіндіреді. Кеңседен кіргеннен жастардың жалыны мен лебі сезіледі. Ал бізде жастар кеңестік кезеңнен қалған сұрқы қашқан ескі ғимаратта күнелтуде.
«Жастар – ел ертеңі, кемел келешегіміздің кепілі», – деп білеміз. Ал болашағымызға осындай көзқараспен қарайтын болсақ, онда оның арты жақсылыққа апармайды. Осыны жамбылдық атқамінерлер жіті түсініп, жастар мәселесіне бір сәт болса да көңіл бөледі деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы