Алайда дәл қазіргі жағдайға қарағанда, сол санда бар мәдениет ошақтарының көбінің жұмысы мәнсіз, дұрыс жолға қойылмаған. Нақтырақ айтқанда, санда бар да, санатта жоқ. Оны айтасыз, жылдар бойы қаңырап тұрғандары да жетіп артылады. Солардың бірі – Талдықорғанмен қоңсылас қоныстанған Ескелді ауданының ең ірі елді мекенінің бірі, жеті мыңға жуық халық тұратын Бақтыбай ауылындағы руханият ошағы. Заманында облыстағы ең мықты шаруашылықтың бірі орналасып, гүлденген, табысы тасқындаған ауылда қаладағыдан қалыспайтын Мәдениет үйі салынғанда, жұрт жаппай қуанғаны анық. Қазір сол бір думанды, мерейлі күндер көздерінен бұлбұл ұшқан. Небір өнер ұжымдары мен атақты өнерпаздардың концертін тамашалап, атақты ақын-жазушылармен, мемлекет және қоғам қайраткерлерімен ғибратты жүздесулерден жан байлығын алған күндер келмеске кеткелі қашан?!.
Біраз жыл мәдениеттен мүлде мақұрым қалған ауылдағылар осыдан 9 жыл бұрын руханият ошағының тозығы жетіп, тоналған ғимараты мемлекетке қайтарылғанда арты қайырлы болар деп үміттенген. Әне-мінемен жылдар өтіп, 2020 жылы қайта құрылымдау, күрделі жөндеу басталғанда, сол сөне бастаған үміт шоғы қайта лаулап, сенім ақталатын болды деп тағы қуанған. Алайда содан бері жыл сайын жаңалық күтумен төрт жылға аяқ басты. Бірде тоқтап, бірде жалғасқан қайта құрылымдаудың аяқталар түрі жоқ. Жыл сайын әкімдердің халық алдындағы есептерінде «биыл аяқталады» дегенмен, бітер түрі көрінбейді. Олар да уәде беруден жалықпайды. Жұрт болса, әбден түңіліп, сенімнен ажырап барады. Осылайша, күрделі жөндеуден соң 2021 жылы халықтың игілігіне пайдалануға берілуге тиіс мәдениет ошағының төртінші жылға таяғанда жөнделіп біткен сырты, ішіндегі жұмыстар аяқталғанша қайта тоза бастапты.
Бақтыбайлықтар Мәдениет үйінің мәртебесі тасып, барлық тұрғындарды өзіне тартып, бастарын қосатын, үлкен-үлкен шарапатты шаралар шарасынан асып-тасып жататын күндерді аңсап, естеріне алады. Жекешелендіру жылдары алып руханият ошағы жекеге өтіп кетеді. Басында негізгі бағытын сақтап, біраз жыл жұмыс істеген соң, ақырында есігіне қара құлып салынып, ішіндегі іскетатырдың бәрі «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетеді. Әбден тозығы жетіп, тоналып бітті-ау дегенде, 2015 жылы мемлекетке қайтарылып, аты бар да зат жоқтай болған. Тұрғындар да мектеп жасындағы балаларының өнерін ұштап, білімін дамыту үшін аудан орталығына, облыс орталығына тасымалдайды. Онда да шамасы барлары ғана. Мүмкіндігі жоқтардың талай дарынды ұл-қыздары бүгінде ауыл-үйден аса алмай отыр.
«Бір ғана ғимараттың күрделі жөндеуі төрт жылға созылды деген сұмдық қой!? Ең бастысы, қабырғалары, шатыры тұрды ғой кезінде. Соған қарап, белгіленген мерзімде аяқталар деп ойлағанбыз. Алғаш жөндеу басталғандағы қуанышымыз су сепкендей басылғалы бірнеше жыл болды. Соңғы жылдары тіпті қозғалыссыз қалды. Естуімізше, алғашқы жылы қыруар қаржы бөлінген. Сол кездегі жағдай бойынша ол ақшаға шағындау жаңа Мәдениет үйлерінің бірнешеуін салуға болатын еді. Соған қарағанда күрделі жөндеу деген біреулер үшін пайдалы сияқты. Жыл сайын материалдар қымбаттауына байланысты қаржы жетпей қалды деген сылтау айтылады. Қазір жөнделген жерлері қайта бүлініп, қопсып, қопарылып жатыр. Ішкі жағы әлі алқам-салқам», – дейді ауыл тұрғыны Раушан Хасенова.
Бақтыбайлық Талғат Еркінбековтің айтуынша, тұрғындар Мәдениет үйінің жағдайын айтып, талай есікті қағып, талай табалдырықты тоздырыпты. Бәрібір ешқандай оң әсер жоқ. Балалар түрлі секция мен үйірмеге қатысу үшін аудан немесе облыс орталығына сабылады. Ата-аналар қиналса да, қорықса да, ұрпағының болашағын ойлағандықтан жібереді. Сонымен бірге қалталарына қосымша салмақ салады. Жолға шыққан балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
Кезінде жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді алатын Мәдениет үйінің күрделі жөндеуіне 700 миллион теңге бөлініпті. Ол уақытта Ескелді аудандық мәдениет және спорт бөлімі тапсырыс берген. Нысан 2021 жылы пайдалануға берілуге тиісті болған. Одан бері үш жыл артта қалды. Мердігер ұйымның өкілі барлық жұмыстың 70 пайызы аяқталды дегенімен, сырт көзге бітпеген шаруаның ұшы-қиыры көрінбейді. Қазір нысанды толық аяқтау қосымша қаржыландыруды талап ететін көрінеді. Ал фирманың басшылығы былтырғы күзден бері сол қажетті қаражатты таба алмай отырған сыңайлы.
– Дәл қазіргі кезде материал да, жалақы да жоқ. Төлеуден ешкім бас тартып отырған жоқ. Қазіргі кезде нысанды аяқтау үшін қарыз қарастырып жатыр. Қомақты қаржы керек. Менің есебімше, былтырғы жылдың бағасына сай ең аз дегенде 120 миллион теңге қажет, – дейді мердігер ұйымның өкілі Ескендір Сарыбаев.
Аудан әкімінің орынбасары Айдын Исабековтың айтуынша, тапсырыс беруші мердігерді үш рет сотқа берген. Төртінші рет тағы да қаралмақ. Жұмысты мойнына алған компания жосықсыз мердігер деп танылса, қайта конкурс ұйымдастырылып, нысанның күрделі жөндеуін аяқтауға күш салынбақ.
Жоғарыда айтқанымыздай, облыстағы елді мекендерде жылдар бойы жұмыс істемей тұрған Мәдениет үйлері жетерлік. Кейбірі қараусыз қалғандықтан мүлде тозып, тоналып кеткен. Мәселен, Кербұлақ ауданындағы бір кезде жеке ауданның орталығы болған ірі елді мекен – Қоғалы ауылындағы Мәдениет үйінің жағдайы Бақтыбайдағыдай. Мұндағы руханият ошағының күрделі жөндеуі де үш жылға созылған. Соған қарағанда, мердігерлер материалдардың қымбаттауын күтіп, құрылысты әдейі ұзаққа созғандай. «Ескіні жөндегеннің есі шығады» деген, қарап отырсаң, бір кездегі алып ғимараттарды қайта қалпына келтіруге қыруар қаржы кетеді екен. Сол ақшаға шағындау, зама-науи нысандар тұрғызса дұрыс болар еді деген ой келеді осындайда. Мәселен, Бақтыбайдағы Мәдениет үйін қалпына келтіруге алғашқы бөлінгенін, онан кейін сұралып отырғанын есептесең, 1 миллиард теңгеге жуық қаржы кетеді. Бұл ақшаға бірнеше шағын руханият ошағын тұрғызса, дұрыс болар...
Облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы осы бағытта жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Биыл өңірдегі ауылдарда блокты-модульдік кешен түріндегі 11 Мәдениет үйі салынады екен. Олардың әрқайсысының құны – 150 миллион теңге мөлшерінде. Тағы 13 руханият ошағы жөндеуден соң пайдалануға берілуге тиісті.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы