Аида Балаева үкіметтік емес ұйым өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады

27 ақпан – Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні. 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева үкіметтік емес ұйым өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Министр өзінің құттықтауын Facebook  парақшасында жариялады.

«Бүгін бүкіл әлем Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күнін атап өтуде. Қазақстанда үкіметтік емес сектор әлеуметтік мәселелерді шешу мен азаматтық бастамаларды жандандыруда мемлекеттің сенімді серіктесі болып келеді. Мемлекет басшысы ҮЕҰ рөлін ерекше атап көрсеткен. Өздеріңіз білесіздер, олар халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен азаматтық қоғамның рөлін күшейтуде маңызды рөл атқарады», – деп жазды Аида Балаева. 

Балаеваның айтуынша, бүгінде елімізде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттық қаржыландыру және марапаттау сияқты ҮЕҰ-ды мемлекеттік қолдау тетіктері қалыптасты.

«Қазір 23 мыңнан астам ҮЕҰ бар, оның 18 мыңы белсенді жұмыс істейді. Қоғамдық бірлестіктер мен қоғамдық кеңестер туралы заңнамаға түзетулер енгізілді. Мемлекеттің дамуының негізгі ресурсы адами капитал, оның әлеуеті мен дамуы, яғни әлеуметтік капитал. Азаматтарға инвестиция сала отырып, біз әркім әлеуметтік міндеттерін жүзеге асыруға өз үлесін қосатын күшті және дамыған қоғам қалыптастырамыз», – деді министр.

Осылайша, министр қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуде үлкен рөл атқаратын азаматтық белсенділерді Халықаралық үкіметтік емес ұйымдар күнімен құттықтау үлкен мәртебе екенін атап өтті. 

«Азаматтық қоғам жауапты, берекелі болсын! Еліміздегі азаматтық қоғамды дамытудағы маңызды және негізгі міндеттерді жүзеге асыруда баршаңызға сәттілік, шығармашылық табыс және кәсіби белсенділік тілеймін!»,  – деді А.Балаева.