Қазақстандық үш боксшы келесі кезеңге өтті
Қазақстандық үш боксшы келесі кезеңге өтті
© сурет интернеттен алынды
164
оқылды
Бокстан Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі басталды. Бес құрлықта өтетін кездесуде барлығы 286 жолдама сарапқа салынады. Байрақты бәскелер Дакар, Амман, Лондон, Буэнос-Айрес пен Парижде өтеді. Осы орайда 3 наурыз күні Йорданияның Амман қаласында аталған турнирдің жалауы желбіреді. Азиялық іріктеу турнирінде Олимпиада ойындарына барлығы 63 жолдама беріледі. Турнирге Қазақстан атынан 13 салмақ дәрежесінде 13 спортшы қатысады. Ерлер арасында 52 келіде Сәкен Бибосынов, 57 келіде Серік Теміржанов,  63 келіде  Зәкір Сафиуллин,  69 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде  Әбілхан Аманқұл,  81 келіде  Бекзад Нұрдәулетов пен 91 келі салмақ дәрежесінде Василий Левит өнер көрсетеді. Ал әйелдер арасында 51 келіде  Ангелина Лукас, 57 келіде  Дәметкен Келімбет, 60 келіде Римма Волосенко, 69 келіде Валентина Хальзова мен 75 келі салмақ дәрежесінде Надежда Рябец бақ сынайды.  width= Қазақстан құрамасы жарыс жолын 5 наурыз күні бастады. Алғашқы боп шаршы алаңға шыққан Зәкір Сафиуллин Қытай боксшысы Жанг Шанмен кездесіп, жеңіске жетті. Артынша рингке көтерілген Бекзат Нұрдәулетов Жаңа Зеландиялық қарсыласы Жером Помпеллонемен күш сынасты. Тартысты өткен жекпе-жекте төрешілер жеңісті қазақ боксшысына берді. Сондай-ақ 75 келі салмақ дәрежесінде кешкі серияда сынға түскен Әбілхан Аманқұлдың қарсыласы – Оңтүстік Корея өкілі Ким Жинжия. Оның жарақаттан айығып, қатарға қосылуын бәріміз күттік. Осыған дейін Азия, әлем чемпионатын жіберіп алған ол жарысқа шөліркеп қалғанын көрсетті. Айқын басымдық танытып, келесі кезеңге жолдама алды. Осылайша, Ғалымбек Кенжебаев баптайтын сегіз боксшының үшеуі келесі айналымға өтті.  width= 1/4финалда 63 келідегі Сафиуллин ирандық Ризаи Ашканмен жұдырықтасады. Зәкірдің олимпиадаға «билет» алу үшін барын салатыны белгілі. Өйткені сарапшылардың дені мұны соңғы мүмкіндікке балайды. Ал 75 келідегі Әбілхан Аманқұл келесі кезеңге бел шеше дайындалуы керек. Себебі өзбек боксшысы Фанат Кахрамонов оңай шағылар жаңғақ емес. 81 келіде өнер көрсететін Бекзат Нұрдәулетов болса тәжік үміті Шаббос Негматуллоевпен қолғап түйістіреді.  width= 6 наурыз күні 69 келі салмақта бокстасатын Абылайхан Жүсіпов моңғолиялық Мишилт Баттумурдың күш-жігерін байқап көреді.  width= Ал Ерік Алғабек баптайын әйелдер құрамасы үшін турнир сәтсіз басталды. 4 наурыз күні 57 келіде бақ сынаған Дәметкен Келімбет қытайлық қарсыласынан ойсырай (0:5) ұтылды. 60 келідегі әлем чемпионатының жүлдегері Римма Волосенко да жеңіліп қалды. Ол үндістандық Симранжит Каурге есе жіберді. Нәтижесінде, қос боксшымыз Олимпиада лицензиясынан қағылды.  Бірақ басты төмен салатын уақыт емес. Өйткені 6 наурыз күні 69 келі салмақта Валентина Хальзова корей боксшысы Сюён Чоимен кездеседі. Ал 75 келі салмақтағы Надежда Рябец өзбекстандық Навбахор Хамидовамен жұдырықтасады. Оларда кеткен есені қайтарып, бір қадам алға жылжитын мүмкіндік бар. Айбике Жанасыл