Көрмеде оқушылар өзі таңдаған тақырып бойынша зерттеу нәтижесін ұсынды. Бұл – PYP бағдарламасының қорытынды іс-шарасы. Оқушылар өз білімі мен IB профилі дағдыларын қолданып, пәнаралық зерттеулер жасады. Ақпарат ағынында жұмыс істеу, тұлғааралық қарым-қатынас орнату, кез келген ақпарды сауатты және әдеп тұрғысынан пайдаға жарату, уақытты тиімді пайдалану дағдыларын көрсетті.
«Жаһандық спорттық іс-шаралар бүкіл әлемде мәдени түсіністік пен бірлікке ықпал етеді» деген тақырыпты зерттеген балалар спортшыларды емес, олардың өнерін тамашалайтын көрерменнің әрекетіне мән беріпті. Жапондар өздерінен кейін жан-жағындағы барлық қоқысты тазалап кететінінен шабыт алған оқушылар «өзін-өзі тазалаушы» стадион макетін жасапты.
Ал басқа бір топ осы күнге дейін болған пандемиялардың тарихын зерттеген екен. Тыңдаушыларға адамзат тарихындағы пандемиялардан неше миллион адамның қайтыс болғаны жайлы ақпаратпен қатар, сақтық шараларын да ұсынды. Эмоционал интеллект тақырыбын зерттеген оқушылар «Көңіл күй» шеңберін жасаған. Сөйтіп, келген тыңдаушылар шеңберді айналдырып, тоқтаған жерде жазылған «көңілді тапсырманы» орындап жатты.
Осылайша, күні бойы өткен көрмеде ата-аналар мен ұстаздар, қала берді өзге де сынып оқушылары жас ғалымдардың өнертабысын тамашалай келе, олардың ғылымға арнаған махаббатынан шалқар шабыт алып, болашақты жақсы жаққа өзгертуге деген рухани құлшыныс жинап қайтты деп ойлаймыз.