Мәжілістің бүгінгі кезекті отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ғылым саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленген Заңда жергілікті атқарушы органдарға ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру құқығын беру көзделген. Атап айтқанда, өңірдің басым бағыттары бойынша ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды ұйымдастыру және іске асыру бойынша құзыреттер енгізілді.
Одан бөлек құжатта жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінде ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысатын педагогтерге, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін ғылыми қызметкерлерге негізгі жалақыға қосымша ақы белгілеу жөніндегі нормалар көзделді.
Жаңа заң жобасы аясында қолданыстағы заңнамаға «ғылыми әдеп» ұғымы енгізілді. Сонымен қатар уәкілетті органның ғылыми әдептің үлгілік қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі өкілеттіктерін айқындады.
Құжатта жер қойнауын пайдаланушылар субъектілерінің қаражаты есебінен іске асырылатын ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды жүргізу тәртібі регламенттелді.
Мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер беруге, сондай-ақ жатақханада тұрғын үй алуға басым құқық беру туралы нормалар енгізілген.
Мәжіліс депутаттары заңды қабылдап, Сенат қарауына жіберді.