Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев ісі сотқа түскен Қуандық Бишімбаевты ақтауға тырысып жатқандарға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz inform.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгін Парламент Мәжілісінде тілшілер Бас прокуратура өкілінен істі болған Қ. Бишімбаевты қорғап жатқан блогерлердің әрекеті қаншалықты заңды екенін сұрады.
«Бұл әрекет тергеуге, іске кедергі саналмай ма?», – деп сұрады тілшілер.
Өз кезегінде Ә. Шындалиев сот отырысында бұл деректерге баға берілетінін айтты.
Бас прокурордың орынбасары бұл қылмыстық істің қанша томнан тұратынын білмейтінін мәлімдеді.
«Қанша том екенін білмеймін, бұл істі тікелей қадағалайтын прокурор бар», – деді ол.
Бұдан бұрын хабарланғандай, экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс соттың қарауына жіберілді.
Соттың ақпаратында айтылғандай, күдікті Қуандық Бишімбаевқа ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5) тармағы бойынша адам өлтіру, қасақана, аса қатыгездікпен адам өлтіру, Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша материалдық жағынан тәуелдi адамды жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылған.
Еске сала кетейік, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы Бау мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты деген күдікке ілінді. Әйел жедел жәрдем келгенше көз жұмды.