Қарағандыда қақаған аязда жаңа туған сәбиін далаға тастап кеткен тасжүрек ата-ана ұсталды. Отбасылы еркек пен жалғызбасты әйел некесіз туылған шақалақты бірге өсіргісі келмепті,- деп хабарлайды Aikyn.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Ер адамның жасы 29-да. Ал бір баласы бар жалғызбасты ананың жасы 22-де. Отбасы бар еркек келіншектің көңілдесі екен. Сол себепті екіншісі баласын босанғанына 20 күн толмай жатып шақалақтан құтылауды құп көріпті. Олар баланың өміріне қауіп төндіру бабы бойынша тергеуге алынды.
Естеріңізге салайық, өткен сенбі күні қаладағы үйлердің подьезінен тастанды шақалақ табылған болатын. Аязда тоңып қалған сәби дін аман. Осыдан кейін полицейлер жүктілікпен есепке алынған және жақын арада босанған аналарды түгел тексеріп шыққан. Араға төрт күн салып баланың безбүйрек анасы да, тасжүрек әкесі де ұсталды.
«Полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жұмыстардың нәтижесінде жас нәрестені далаға тастап кету бойынша күдікті 29 жастағы ер адам мен 22 жастағы азаматша ұсталды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Өзге ақпарат тергеу құпиялығына сәйкес жариялауға жатпайды», - деді Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.