ХХ қысқы Сурдлимпиада ойындары 2-12 наурыз аралығында Түркияның Эрзурум қаласында өтеді. Дүбірлі додаға 36 мемлекеттен мыңға жуық спортшы қатысады. Жарыста тау шаңғысы, сноуборд, шаңғы жарысы, шахмат, футзал және керлинг спорт түрлерінен 34 комплект медаль ойнатылады.
Қазақстан тарапынан қысқы ойындарға шахмат, сноуборд және шаңғы жарысынан 26 спортшы қатысады. Байрақты бәсекеде ел намысын шахмат жарысы бойынша астаналық сурдо спортшылар Әлия Мұратова мен Сұлтан Қожахметов қорғайды.
Шара барысында қысқы Сурдлимпиада ойындарының ашылу салтанатына еліміздің Туын ұстап шығу мәртебесі шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері елордалық Сұлтан Қожахметовке тапсырылды. Спортшыға Туды Сиднейде өткен жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Ермахан Ыбрайымов табыс етті.
«Шахматпен айналысқаныма 10 жылдан астам уақыт болды. Биыл алғаш рет қысқы Сурдлимпиада ойындарына қатысқалы тұрмын. Бұл жарыста еліміздің Туын ұстап шығу үлкен абырой. Ел үмітін ақтап, үздіктер қатарында болуға барлық күш-жігерімді саламын!» – деді Сұлтан Қожахметов.