Елімізде «Көлік құрылысы» білім беру бағдарламасы ашылмақ

Бүгінде автожол саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесі туындап отыр

Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Көлік министрлігінің бірлескен жұмысы нәтижесінде елімізде "Көлік құрылысы" білім беру бағдарламалары тобын ашпақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы КМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Анар Ғабдуллина Алматы қаласында ЖОО басшыларымен және студенттермен өткен кездесу барысында мәлім етті.

Көлік құрылысында мамандар даярлайтын білім беру мекемелерімен стратегиялық өзара іс-қимыл және әріптестікті нығайту аясында министрлікке қарасты Автомобиль жолдары комитеті, "ҚазжолҒЗИ" АҚ, "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы және Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы өкілдерінен құралған жұмыс тобы Алматы қаласындағы бірқатар оқу орнына барды.

Көзделген негізгі мақсат – автожол саласындағы кадрларды дамыту перспективаларын талқылау және білім беру мекемелерімен тығыз ынтымақтастық орнату.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде автожол саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесі туындап отыр. Жыл сайын шамамен 2 мыңдай маман қажет. Ал жоғарғы оқу орындары жыл сайын 100-ге жуық жол маманын дайындайды.

Көлік министрлігінің Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлескен жұмысының нәтижесінде білікті жол мамандарын даярлау үшін "Көлік құрылысы" бағыты бойынша оқуға 1 мың қосымша грант бөлу туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ кадрларды ынталандыру және мамандардың жұмыс сапасын арттыру үшін Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты Jolshy базасын құрды. Аталған жүйе жоғарғы оқу орындарының түлектерінен бастап, автомобиль жолдарының құрылысы, оларды жобалау және пайдалануда жұмыс істейтін мамандарды қоса алғанда, жол саласының барлық маманы туралы ақпаратты қамтитын болады.

Қазір базаны толтыру және платформалармен біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, Enbek.kz және eLicense.kz мамандар базасында кадрлар туралы мәліметтер (біліктілік, жұмыс тәжірибесі, біліктілікті арттыру курстарының сертификаттары және т.б.), жол саласы кадрларының қажеттілігі туралы статистикалық деректер және жұмыс берушілер үшін кадрларды іріктеу бойынша ақпарат қолжетімді.