Роботтандырылған навигация жүйесі күрделі оталарды дәл, әрі ағзаға аз зақыммен жасауға мүмкіндік береді. BBC News басылымында жарияланған мақалаға сүйене отырып Aikyn.kz мұндай оталардың науқастың тез сауығып кетуіне әсерін талдайды.
Ливерпульдегі Уолтон орталығында пайдаланылған жоғары технологиялық тәсіл Ұлыбританияда алғашқылардың бірі болып қолданылған. Роботтандырылған жүйенің көмегімен күрделі оталар адамның ағзасына өте аз зақым келтіру арқылы жасалады. Орталықтың мақсаты «пациенттердің игілігі үшін инновациялық қызметтерді қолдану және одан әрі жақсарту» екені айтылады.
Соңғы операциялардың бірі 40 жастағы Джеффри Перриге жасалған омыртқаларды (спондилодез) біріктіру болған. Перри мырза омыртқадағы жүйкесі қысылып, осы аурумен жиырма жылдан астам уақыт бойы өмір сүргенін айтады. Бірақ соңғы екі жылда оның жағдайы бірден нашарлаған. Ол: «Бұл менің өміріме әсер етті, себебі қазір жұмыс істей алмайтын болдым. Ауру сезімі күшейді, тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн қиналамын», – дейді.
Ол ауру оның көңіл күйіне қатты әсер еткенін, ауырсыну «өткір аспапты арқасынан сұғып жатқандай» сезімде болатынын айтады.
«Мен біраз уақыттан кейін жұмысқа ораламын деп үміттенемін. Отадан кейін қалпына келу кезеңі қаншалықты жақсы өтетініне байланысты қандай жұмыс істейтінімді шешемін», – дейді ол. Джеффри Перри Уолтон орталығында роботты жүйенің омыртқаға операция жасаған 99-шы адамы болған.
Уолтон орталығының командасы пайдаланатын кешен толығымен камера арқылы бақыланатын және басқарылатын роботтық қолдан тұрады. Хирургтар алдын ала жоспарлаған траекториямен роботтың қолын бағдарлайды.
Роботты хирургия Ливерпульдегі Уолтон орталығында 2022 жылдың қазан айынан бері қолданылып келеді. Орталықтың мәліметі бойынша, бұл жабдық пациенттердің операциялық бөлмеде өткізетін уақытын қысқартады және отадан кейін науқастың қалпына келу уақытын қысқартады.
Уолтон орталығының бас директоры Ян Росс: «Бұл тек емделушілер үшін ғана емес, сонымен қатар біздің қызметкерлер үшін де керемет жетістік екенін айтып жеткізу мүмкін емес», – дейді.
Ол қол жеткізген жетістіктерге өте риза екенін және өз командасының «пациенттердің игілігі үшін медициналық көмек көрсету сапасын қалай жаңартып, жақсартқанын» күнде көріп жүргенін айтады.
Омыртқаның күрделі патологиясын емдейтін жетекші хирург Мартин Уилби: «Біз бұл инновациялық тәсілдің омыртқаның күрделі жағдайы бар науқастардың нәтижелерін қалай жақсарта алатынын өз көзімізбен көрдік. Мен осы межеге қалай жеткенімізді және енді келесі 100 науқасқа көмек көрсете алатынымызды мақтан тұтамын», – дейді.
Роботты кешеннің көмегімен омыртқаға ота жасағандар өздерінің өмірлерінің өзгергенін айтады, жазылған науқастар енді бұрынғыдан көп нәрсе істейді, отбасына, немерелеріне көбірек уақыт бөледі.