Танымал әнші Роза Әлқожа денсаулығы сыр бергенін айтып, жанкүйерлерін алаңдатып қойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Роза Әлқожа басынан өткен жағдайды Instagram парақшасында хабарлады.
Өнер иесі мұзда тайғанап құлап, ауруханадан бір-ақ шыққанын айтады.
Айтуынша, эстрада жұлдызы мұзда тайғанап құлап, аяғын жарақаттап алған. Өнер иесі денсаулығы сыр берген соң, бірқатар жоспары іске аспай қалғанын жеткізді. Ол өзіне қолдау білдіріп, гүл жіберіп жатқан жандарға алғысын айтты.
"Алдағы жоспардың барлығы тоқтады, бастысы жүрек тоқтамасын! Мұзға тайғанаған ештеңе емес, сөзден тайғанатпасын! Тобық пен жарылған табан жазылар, жан мен жүректі абайлайық!
"Дұшпан аяққа қарайды" деуші ме еді, сынақ та аяқтан шалды, аяқкиімім тайғанақ екенін біле тұра киіп жүрген өзімді кінәладым. Жасыма сай жазылар. Тілек білдіріп, гүл жіберіп жатқандарға рахмет! Қызымның туған күні, одан үлкен қызымның премьерасы, Сарыағаштағы концертім, тосынсый боп барам деген туған күн, той, Зәкеңнің кеші бұйырмапты! Енді көктемгі мерекеде қайта көктеген розадай жұпар шашуға жазсын! "Сынықтың көңілін сұрамайды" десе де жігерлендіруге жұмсаған күштеріңізді Алла еселеп қайтарсын! Алыстан, жақыннан қолдап жатқан бар жақыныма алғыс айтамын", – деп жазды Роза Әлқожа.
Әнші бүгінде балдақпен жүруге мәжбүр екенін айтты.