Түркістан облысындағы айналдырған екі аудандағы білім бөлімінің есепшілері (Бәйдібек, Мақтаарал) 1,8 млрд теңге жымқырған. Одан кейін Жетісай ауданы білім саласының есепшілері 530 миллион теңгені жоқ еткен деген күдікке ілінді.
Осылайша, облыстағы білім беру ұйымының барлық қаржыландыру саласы толықтай тексеруден өтіп жатыр. Елді шулатқан осындай деректерден соң Түркістан облысының білім мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша кеңейтілген мәжілісі де өтті.
– Соңғы уақытта білім қызметкерлерінің заңбұзушылыққа баруы қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Білім саласы қызметкерлері қоғамдағы негізгі зиялылықты қалыптастыратын мамандар болуға тиіс еді. Алайда қоғам күткен сенім үдесінен шықпай тұр. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасымен 2022 жылдан бері балабақшаларда қаржы жымқыру, мемлекет қаржысын заңсыз иелену, мақсатсыз пайдалану, талан-таражға салу фактілерінің жолы кесілуде. Біз бұл бағытта мониторинг және тазалау жұмыстарын тоқтатпаймыз. Заң бәріне ортақ. Білім саласына бөлінген қаржыға қол салғандар заң алдында жауап береді. Осы тексеріс пен талаптан соң облыстағы білім ұйымдарын қаржыландыру жаңа бағытта дамуы тиіс, – деген-ді облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.
Өңірде жүрілген аудиторлық іс-шара барысында білім мекемелерінде 2020-2023 жылдар аралығында бекітілген тарифтен артық еңбекақы есептеу және белгісіз тұлғаларға айлық жалақыларды аудару фактілері тіркелген. Атап айтқанда, Сайрам, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Шардара, Сарыағаш, Созақ және Бәйдібек аудандық білім бөлімдеріне қарасты мекемелерде қаржыға байланысты заңбұзушылықтар анықталған. Мемлекет қазынасына айтарлықтай шығын келтірген.
Бұл қаржы жымқыруға қатысты деректер болса, өткен аптада өңірдегі білім саласы мекемелеріндегі құрылыс жайы да қоғам назарын аударды. Әлеуметтік нысан құрылысына арналған жиында көптеген олқылықтың беті ашылды. Түркістан облысында осыдан екі жыл бұрын салынып, әлі пайдалануға берілмеген мектептер мен білім ошақтары бар екені белгілі болды. Мәселен, былтыр Жетісай қаласындағы №2 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің оқушылары жаңа ғимаратқа көшуі керек болған. Алайда жаңа оқу орны әлі бос тұр, есесіне балалар көрші ауылдағы мектепке қатынайды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен жиында аудандық білім бөлімі бұл жағдайдың себебін құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін олқылықтардың анықталғанын, оларды жоюға біраз уақыт кеткенін айтты. Көктемнің алғашқы күнінде балалар жаңа мектепте оқитын болады деп сендірді. Сонымен қатар Жетісай ауданындағы Құрбан ата ауылында орналасқан Н.Оңдасынов атындағы және «әл-Фараби» жалпы орта білім беру мектебінде де осындай жағдай қалыптасқан.
Облыстық білім басқармасы мектеп жұмысының кешеуілдеуін «мектеп әкімшілігінің санитарлық-эпидемиологиялық сараптама қорытындысына өтінішті дер кезінде бермеуімен» түсіндірді. Көптен бері дайын тұрған, бірақ бос тұрған тағы бір мектеп Сайрам ауданында орналасқан. М.Сапарбаев атындағы №14 орта мектеп 400 оқушыға есептелген. 60 жылға жуық уақыт бұрын салынған ғимарат апатты жағдайда. Едендері шіріп, қабырғалары опырылып түскен. Жаңадан салынған қосымша оқу корпусының жертөлесін жиі су басып, салдарынан электр қуаты істен шыққан. Осындай кемшіліктерді жоюға біраз уақыт кетіпті. Мердігерлердің жұмысты сапасыз атқаруы да осыған себеп болып отыр. Облыс әкімі Сайрам ауданындағы 2022 жылы салынған мектептің әлі күнге дейін пайдалануға берілмегеніне ашуланып, аудан басшысына қатаң түрде ескерту жасады. «Мұны кім басқарады? Оларға шұғыл қоңырау шалыңыз! Біз мұнда үнемдеп, бюджетті көбейтуді сұрап жатырмыз, бірақ сіз ақша бөлінген мектептерді пайдалануға бермейсіз! Бұлай жалғаса беретін болса, көп ұзамай мектеп қауіпті болып, ол жерде ешкім оқи алмайды», – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы. Шұғыл түрде жағдайды тексеруді тапсырды. Одан бөлек, Құрылыс басқармасының басшысы да өз жұмысына немқұрайды қарағаны үшін сын садағына ілінді.
Иә, өңірде апатты жағдайда тұрған тағы 4 мектеп бар. Осы мәселелердің түйіні тарқатылмай тұрғанда аталған жайттар қосымша проблема болып тұр. Айналып келгенде, бұл да жемқорлықтың салдары. Құрылысшылар «қу кетті, іс бітті» дегенімен артында таудай проблема қалған.
Қалай болғанда да Түркістан облысындағы білім саласы жақтан соғып жатқан жел басылар емес...
P.S.
Айтқандай, Түркістан облысымен қойы қоралас жатқан Шымкент қаласының білім саласында да жақында шу шықты. Бірқатар мектеп мұғалімі, яғни педагогтер Білім басқармасы ғимаратына барып, басқарма басшысы Н.Шамшиеваны жерден алып, жерге салды. Бейнетаспасы әлеуметтік желіге тарап кеткен осынау жағдайда мәселеден гөрі балаларға білім беріп отырған педогог қыз-келіншектердің бейәдеп әрекеттері, өрескел сөздері көпшіліктің наразылығын туғызды. «Біз балаларымызды кімге сеніп тапсырып отырмыз?» деп налыды жұрт. Біз де бұл оқиғаға «бетті бастық, қатты састық». Әттеген-ай!
Айжұлдыз ТЫНЫШТЫҚ