Отандық радиобиологияның мерекесі

Биылғы жылы Астана медицина университеті өзінің құрылғанына 60 жыл толатын мерейлі мерекесін атап өтпек.

Осы жылдарда жоғарғы білім беру мен медицина ғылымына үлкен үлес қосып, еліміздің белгілі білім ордасына айналған университетте 2004 жылы ашылған «Радиобиология және радиациялық қорғау» ғылыми-зерттеу институтына да (бұдан әрі – Институт) биыл 20 жыл толып отыр. 

Бастапқыда бір-екі лабораториядан құралған «Радио­био­логиялық ғылыми ор­та­лық», 2010 жылы «Ра­дио­биолгиялық зерттеулер институты» болып, 2023 жылы қазіргі атымен радиобиология, радиология, радиоэпидемиолгия бағытында ау­қым­ды ғылыми зерттеулер жүргізетін ғылыми институт болып қалыптасты. Институтта ондаған ғылыми грант бөлі­ніп, жоғарғы білікті маман өсіп шықты. «Радиобиологтар мектебі» пайда болды.

 

 Институттың ғылыми із­де­ністегі табысты жұмыстары уни­­верситеттің ғылыми дең­гейін көтерді, сонымен бірге был­тыр ашылған екі ғылыми-зерт­теу институттары, жаңа пай­далануға берілген Абай көше­сіндегі көп­қабатты оқу корпусы универ­ситтеттің әлеуетін арттырып, оның «Зерттеу университетіне» айналуына мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Алғашқы ашылған «Радиобиология және радиациялық қорғау» ғылыми зерттеу инс­титутының өзіндік тарихы, құ­рылуының алғышарттары болды. Біріншіден, еліміздің Сол­түстік өңірінде тұрғындар­дың онкологиямен аурушаңдық көрсеткіштері республикалық деңгейден әлдеқайда жоғары еді. Оның бір себебі ретінде уран өнеркәсібінің техногендік-радиациялық зиянды әсері деген болжам айтылатын. Оны анық­тауға дозиметриялық жұ­мыстар, ғылыми зерттеулер жүр­гізу керек. Кеңес дәуірінде уранға байланысты барлық ақпарат жабық, құпия түрінде болды. Онымен республикалық санита­риялық –эпидемио­ло­гиялық мекемелердің қаты­суын­сыз, Москваның институттары тікелей айналысатын. Еліміз егемендік алғанда ден­саулық сақтау саласында осы мәселелермен шұғылданатын мамандандырыл­ған мекеме болмады. Екіншіден, Степногорск қаласында ең үлкен уран өндіретін комбинат жұмыс істеп тұрды, біздің медака­де­мия­ның Медициналық-биоло­гиялық факультеті сол қалада еді.

 

Осы жағдайларды ескеріп, медакадемияның ғалым­дары­мен уран комбинатындағы радиациялық жағдай мен жұ­мысшылардың аурушаңдығын зерттеуді қолға алдық. Әуелі, ғылыми бағдарлама дайындап, оны радиобиолог, профессор С.Ярмоненконың кеңесімен кеңес дәуірінде осы мәселелер­мен ресми түрде айналысқан Ресейдегі «А.Бурназян атын­дағы Федералдық медициналық биофизика орталығына» рецен­зияға жібердік. Көп ұзамай ол инститтуттың басшысы академик Л.Ильин қол койған жауап хат, екі лаборатория басшы­лары­ның, ғалымдардың рецензиялары алынды. 

Онда бағдарламадағы жоба­ланған зерттеу жұмыстарының алдыңғы жұмыстардың жалғасы екені айтылып, оның маңызы атап көрсетілген еді. Мақсатты-бағдарламалық жоба Денсаулық сақтау министрлігінде конкурстан өтіп 2003-2005 жылдарға қаржыландырылды. 

 Осы мақсатты-бағдар­ла­малық ғылыми гранттың есебінен медакадемияға бірнеше түрлі радиометр, ғылыми экспе­дицияға керек «УАЗ» автомашинасы алынды.

2003 жылы қаңтар айында Астанада Қазақ мемлекеттік медицина академиясында «Уран өндіретін өңірлердегі медици­налық-биологиялық және эко­логиялық проблемалар» атты халықаралық ғылыми конференция өтіп, оған еліміздің ға­лым­дарымен қатар Ресейдің бір­неше белгілі ғалымы қатыс­ты. 2004 жылы қаңтар айында Радиобиология ғылыми орта­лығы ашылып, онда ғылыми жұмыстарды алғаш бастаған жас ғалымдар М.Бахтин, Б.Имашева, Ф.Бекенова, Қ.Махамбетов, М.Досмағанбетов, А.Қа­ли­­­бе­кова, Д.Әбдірәсілова, А.Жакенова, Н.Алтаева, А.Кау­шевалар, Алматыдан шақырыл­ған белгілі радиобиолог ғалым­дар, ғылым докторлары, профессорлар Б.Исмаилов, Р.Мұс­тафина, А.Сейсебаев, Р.Қара­құлов тағы басқа ғалымдар ғылыми зерттеулер жүргізді. 

Радиобиология ғылыми ор­та­лығының базасында «Радиобиология» мамандығы бойынша 2003 жылы құрылған республи­кадағы бірден-бір диссерта­ция­­лық кеңес 2010 жылға дейін жұ­мыс іс­теді. Радио­биолог­тар­дың респуб­ликалық қоғамы құ­рылып, мен оның президенті болып сайландым. 2005 жылғы екінші конференцияда радиобиология, радиоэкология мә­се­­лелері, медакадемия ғалым­да­ры­­ның ең­бек­­тері талқыланып, оның жұ­мы­сына атақты радио­биолог, ака­де­мик С.Балмұқанов қаты­сып, «елі­міз­дегі радиобио­логия ғылы­мы­ның дамуы Аста­наға ауыс­ты», – деп ізгі тілегін білдірген еді.

Радиобиология және радиа­циялық қорғау институтының 20 жылда жеткен жетістіктері ғалымдардың үздіксіз еңбе­гінің арқасы. Қазір «Радиобиологтар мектебінің» 6 ғылым докторы, про­­фессорлары, 2 ғы­лым канди­даты, доценттері, 2 PhD докторы университетімізде, ондаған ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары Астана, Алматы, Семей, Курчатов, Қарағанды, Петропавлск қалаларында қызмет атқаруда. Олар туралы және қазіргі институтта ғылыми жұмыстар істеп жатқан ғалым туралы айтар әңгіме көп. 

Осы мезетте есімде қалған бір эпизодты айта кетсем деймін. 2003 жылы алғашқы ғы­лыми конференция өтетін кезде кабинетке сұранып 45-50-дегі жігіт келіп, Солтүстік Қазақ­стан­дағы Шаңтөбе уран руднигінде 20 жылдай мастер болып жұмыс істегенін, қазір басқа жұмыста екенін айтты. Сол шахтада бригадада бірге жұ­мыс істеген 30 шақты адам­дар­дың барлығы дерлік өкпе, онкология ауруларына шалды­ғып қайтыс болғанын, тек өзі ғана жүргенін баяндап, сіздер сол проблеманы зерттеп жат­қан­дарыңызды жарнамадан біліп келдім, зерттеу жұмыста­ры­ңызды жүргізіп, сол шахтер­лердің ауруының себебін анық­тап, шешулеріңізді сұраймын деп қадап айтқан әсерлі әңгі­месін аяқтаған еді. Сол кездегі шахтерлердің жұмыс жағдайы, денсаулығына байланысты ақпаратты толық алудың мүм­кіндігі болмады. Себебі Шаң­төбеде уран қоры таусыла бас­таған шахта жабылуға тиіс еді. Қазір уран шахта арқылы емес, жер асты сілтісіздендіру әдісімен ғана өндіріледі, онда радиация­лық жағдай басқаша, қауіпсіздік мәселелері толығынан қарас­тырылған. 

Әрине, уранға байланысты проблема бірнеше жылда ше­шіле салмайды, жалпы радиа­циа­лық зерттеулермен әлі ұзақ уақыт шұғылдану керегі белгілі. Дегенмен халықтың денсау­лығына техногендік зардаптарды болдырмауға байланысты проблемаларды шешуге қандай да болса атсалысып оған өз үле­сімізді қоссақ, сол біздің парызымыз. Институт бұл күндері өз саласында кемелденген алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу институттар қатарында болуды мақсат тұтады, ол үшін институт ға­лым­дары мен мамандары өз­дері­нің күш-жігерін аямайды деген берік сенімдеміз.

Биылғы мерейлі жылы инс­титутымыздың, университеттің ғылыми қызметкерлерін, оқы­ту­­шылары мен студенттерін мере­­келерімен құттықтап, ден­де­рінің саулығын, еңбектерінің табысты болуына тілектестік білдіреміз.

Полат ҚАЗЫМБЕТ, Астана медицина университетінің жанындағы «Радиобиология және радиациялық қорғау» ғылыми-зерттеу институтының құрметті директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Иорк академиясының академигі