OpenAI мен Microsoft арасындағы келісім адамзат игілігі үшін «жалпы жасанды интеллект» құру туралы келісімді бұзды деп Илон Масктің мәлімдеме таратқанын Financial Times басылымы жазды. Осы материалға сүйенген Aikyn.kz екі жақтың арасындағы даулы істің себебін түсіндіреді.
Илон Маск OpenAI мен оның бас директоры Сэм Альтманды келісімшартты бұзғаны үшін сотқа беріп, олар адамзаттың игілігіне қызмет етуі тиіс жасанды интеллект жүйелерін құру жөніндегі бастапқы келісімді бұзды деп мәлімдеген.
2015 жылы OpenAI-дің алғашқы құрылтайшысы болған Маск өзінің талап-арызында бастапқыда компанияға 44 миллион доллар бергенін айтқан. Бұл қаржыны Маск OpenAI болашақта да коммерциялық емес ұйым болып қалады деген «жазбаша уәдеге сеніп» бергені белгілі болды.
Ол 2018 жылы компанияның зерттеу бағыттарына байланысты Сэм Альтман (қазіргі директоры) екеуінің арасындағы келіспеушіліктерге байланысты OpenAI директорлар кеңесінен кеткен. Бір жылдан кейін OpenAI өзінің коммерциялық бөлімшесін құрып, Microsoft сол бөлімшеге 10 млрд доллар инвестиция құйған.
Бейсенбі күні (29 ақпан) Сан-Франциско сотына берген талап-арызда Масктың адвокаттары OpenAI мен Microsoft корпорациясымен миллиардтаған долларлық альянсы «қоғамға еркін қолжетімді» болуы тиіс ЖИ-ді дамыту туралы келісімді бұзды деп жазды. Талап арызда OpenAI «әлемдегі ең ірі компанияның кірісін барынша арттыру үшін» өзінің технологиясын жетілдірумен жұмыс істегені айтылған.
Соттағы шайқас xAI деп аталатын өзінің жасанды интеллект компаниясын құрған Маск пен Microsoft-тан бүгінге дейін 13 миллиард доллар инвестиция алған OpenAI арасындағы ұзаққа созылған дауды күшейтті.
Microsoft президенті Брэд Смит осы аптада Financial Times газетіне компаниялар «өте маңызды серіктестер» болғанымен, «Microsoft OpenAI-ді бақыламайтынын» мәлімдеді.
Масктың талап-арызында OpenAI-дің өткен 2023 жылдың наурыз айында шығарған GPT-4 үлгісі адам интеллектіне жақын немесе одан да жақсы жұмыс істейтін жалпы жасанды интеллект (AGI – ЖЖИ) шегінен өткенін айтылады.
Талап-арызда OpenAI өзінің технологиясын қолдануға Microsoft корпорациясына лицензия бергені және бұл технологияның ЖЖИ-дің деңгейіне қашан жеткенін анықтау Масктың ісі үшін маңызды екені айтылған. Яғни, жасанды интеллектің адамзатқа төндірер қаупі туралы жиі айтып жүрген Илон Масктың ойынша, OpenAI алғашында Microsoft корпорациясына ЖЖИ-дің деңгейіне жетпейтін технологияны қолдануға рұқсат (лицензия) берген. Бірақ қазір бұл технология жетілдіріліп Microsoft ЖЖИ-дің деңгейіне жеткен нұсқаны қолданып жатқанын дәлелдегісі келетін сияқты.
Илон Маск болса OpenAI басқармасы мұндай шешім қабылдауға «дайын еместігін» дәлелдеп, GPT-4 бұдан былай ЖЖИ (AGI) ретінде қарастырылуы керек пе деген мәселе бойынша сот шешімін талап етуде.
Талап-арызда OpenAI қазірдің өзінде GPT-4-ке қарағанда күштірек және мүмкіндіктерге бай басқа Q* моделін жасап жатқаны айтылған. Өзінің құрылтай келісімінің шарттарына сәйкес OpenAI мұндай технологияны көпшілікке қолжетімді етуге міндетті екені де сотқа түсірілген талапта көрсетілген.
«Маск мырза ЖЖИ (AGI) адамзатқа үлкен қауіп төндіретінін бұрыннан айтып келеді. Бәлкім, бүгінгі таңдағы ең үлкен экзистенциалды қауіп туралы. Бүгінге дейін OpenAI-дың ресми веб-сайтында орналасқан жарғыда ЖЖИ (AGI) «барлық адамзатқа пайдалы» болуын қамтамасыз ету екені айтылған. Алайда, шын мәнінде OpenAI, Inc. әлемдегі ең ірі технологиялық компанияның: Microsoft корпорациясының іс жүзінде жабық еншілес кәсіпорнына айналды», – делінген талап-арызда.
OpenAI тілге байланысты және логикалық тапсырмаларды орындайтын үлгілерінің сәттілігіне қарамастан, әлі де ЖЖИ (AGI) деңгейіне қол жеткізе алмағанын мәлімдейді. GPT-4 сияқты үлкен тіл үлгілері әлі де қателіктер береді, ойдан құрастырылған және галлюцинацияға ұқсас жауаптар тудырады.
Талап-арыз сонымен қатар OpenAI-ді Альтман сияқты жеке тұлғаларға ғана емес, сонымен қатар Microsoft сияқты корпорацияларға да пайда әкелетін технологияларды жасау мақсаты көрсетілген құрылтай келісімін сақтауға «мәжбүрлеуге» бағытталған.
Масктың xAI компаниясы OpenAI-ге тікелей бәсекелес саналады және өзінің алғашқы өнімі Grok чат-ботын желтоқсанда іске қосты. OpenAI да, Microsoft та Масктың өкілдеріне түсініктеме беруден бас тартқан.
FT танысқан хатта OpenAI-дің бас стратегиялық қызметкері Джейсон Квон талап-арыздың алғышарттарымен «мүлдем келіспейтінін» және GPT-4 үлгісі ЖЖИ емес екенін, ал OpenAI тәуелсіз ұйым екенін мәлімдеген.
«Біз бұл сотқа түсірген шағымдар Илонның бүгінгі компанияның жетістіктерімен байланысы жоқтығына деген өкініштен туындауы мүмкін деп санаймыз. Бұған дейін біз талантты инженерлерді жинау мен есептеулер үшін әлдеқайда көп капитал тартуға жаңа құрылым қажет деп келістік. Біз коммерциялық ұйымды байыппен талқыладық, бірақ Илон бастапқыда толық бақылауды және акциялардың бақылау пакетін алғысы келетінін айтты, кейінірек OpenAI-ді Tesla-мен біріктіруді ұсынды. Біз бұл миссияға екі тәсіл де сәйкес келмейді деп ойладық», – деп жазды Квон.
Қазірдің өзінде Microsoft-OpenAI альянсын АҚШ, ЕуроОдақ және Ұлыбританиядағы бәсекелестік реттеушілері тексеруде. АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясы қараша айында OpenAI басшыларынан Альтман өз инвесторларын адастырды ма, жоқ па деген мәселені анықтау үшін жауаптар алған.
Бұл тергеу OpenAI басқармасы Альтманды бас директор қызметінен босатқаннан кейін көп ұзамай басталды, бірақ бірнеше күннен кейін Альтман бас директор қызметін қайта келді. Содан бері Salesforce компаниясының бұрынғы бас директоры Брет Тейлор басқаратын жаңа директорлар кеңесі жасақталды. Ал WilmerHale тәуелсіз заң фирмасы бұрынғы директорлар кеңесінің Альтманға қарсы айыптауларына ішкі сараптама жүргізуде.
Осының бәрі жасанды интеллект жүйелерін жасауда жетекші рөлге ие болған компанияға қалай әсер ететіні белгісіз.