ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Павлодар облысында мұнай өңдеуді ұлғайту және мұнай-химия секторы кәсіпорындарын толық қуатына шығару жөніндегі шаралармен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Үкімет басшысы Павлодар мұнай-химия зауытына барып, оның қазіргі жұмысымен және өндірісті одан әрі жаңғырту жоспарларымен танысты. Басым жобалардың бірі – технологиялық қондырғылар жұмысының тоқтаусыз жөндеудің аралық кезеңіне көшу.
Бүгінгі таңда ПМХЗ жылына шамамен 6 млн тонна мұнай өңдейді. Шығарылатын өнімдердің ішінде автомобиль бензинінің әртүрлі маркалары, дизель отыны, мазут, битум, коммуналдық-тұрмыстық газдар және т.б. бар.
Отандық экономиканы дамыту үшін жол құрылысының маңызын ескере отырып, ПМХЗ-да битум өндіретін пештің құрылысы аяқталды, бұл оның өндірісін 15%-ға арттыруға мүмкіндік берді.
Премьер-Министр зауыт басшылығына жұмыс қарқынын арттыру қажет екенін, бұл ретте мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз» компаниясының МӨЗ-інде қайта өңдеу көлемі 20%-ға – жылына 14,2 млн тоннадан 16,6 млн тоннаға дейін ұлғайды. Мұнайды өңдеу тереңдігі рекордтық 86%-ға жетті, ал жеңіл мұнай өнімдерін шығару 72%-ға дейін өсті. Автомобиль бензиндері өндірісін 80%-ға және дизель отыны өндірісін 30%-ға ұлғайту есебінен ішкі нарықтың қажеттілігі толығымен қамтамасыз етілді.
«Біздің алдымызда қайта өңдеу тереңдігін одан әрі арттыру міндеттері тұр. Атап айтқанда, ПМХЗ-да дизель отынын гидротазарту жобасы іске асырылып жатыр, ол кәсіпорынға -38 градуста қататын 160 мың тоннаға жуық дизель шығаруға мүмкіндік береді. Отынның бұл түрі республиканың солтүстік аймақтарында ерекше сұранысқа ие», – деді ҚМГ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.
Олжас Бектенов Павлодар облысында мұнай-химия кластерін дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Атап айтқанда, «Нефтехим LTD» зауыты полипропилен өнімдерін импорттау мәселесін шешіп қана қоймай, сондай-ақ отынға қоспа түрінде экспортталатын жаңа бағытты игерді.
Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне әрі қарай өндірісті ұлғайту үшін кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін мұқият пысықтауды тапсырды.