Ресей президенті Владимир Путин мен Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған алты сағаттық келіссөздің қорытындысы бойынша Сирияның Идлиб провинциясында атысты тоқтату туралы уағдаласты, - деп хабарлады sputniknews.kz. Келісім жобасын екі елдің сыртқы істер министрлері жария етті. Идлиб деэскалациясы аймағындағы әскери іс-қимылдар 6 наурызда түн ортасынан бастап тоқтатылуы тиіс. Бұдан бөлек, Мәскеу мен Анкара М-4 тас жолында солтүстік пен оңтүстікке қарай алты шақырымға созылатын қауіпсіздік дәлізін ұйымдастырады, ал 15 наурыздан бастап бұл ауданды екі тарап бірлесіп күзетеді. Сондай-ақ, Ресей мен Түркия бұған дейін бекітілген келісімдерді сақтайтынын растады. Олар: 2017 жылы деэскалация аймағын құру туралы келісім және 2018 жылғы Сочи меморандумы. Мәскеу мен Анкара терроризмнің барлық көрінісімен күресуге дайын екенін атап өтті. Тараптар Сириядағы қақтығыстың әскери шешімі жоқ екенімен келісті, сонымен қатар Сирия Араб Республикасының егемендігін жақтайтынын растады.