Бүгін Шемонаиха ауданында екі адам иісті газдан уланып, көз жұмды. 8 наурыз күні де дәл осындай оқиға болған. Шығыс Қазақстан облысының тағы бір ауданында осындай себептен әйел көз жұмды, деп хабарлайды Aikyn.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметі бойынша, 8 наурызда ШҚО Ұлан ауданында тұрғын үйден 1950 жылы туған әйелдің денесі табылған. Ал оның ұлы, 1973 жылы туған ер адам көміртегі тотығымен улану белгілерімен бірінші қалалық ауруханаға жеткізілді.
Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, өлімнің себебі – пеш жаққан кезде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, яғни, тазартылмаған түтін мұржасы.
Екінші жағдай 10 наурызда Шемонаиха ауданында болған.
«Камышенка ауылында 1965 жылы туған әйел мен оның 1989 жылы туған ұлы үйде көміртегі тотығымен уланудан қайтыс болды. 1986 жылы туған екінші ұлы ауыр һәлде ауруханаға жатқызылды», - делінген хабарламада.
Қайғылы жағдайға пештің түтіні себеп болды.