Туған елге тарту

Астанадағы Жастар театрында белгілі ақын, жазушы, журналист, мәдениет қайраткері, Ресей Жазушылар одағының «Василий Шукшин» алтын медалінің иегері Есенгелді Сүйіновтің «Жайнай бер, туған елім!» атты шығармашылық кеші өтті.

Қалалық Тілдерді дамыту басқар­масы басшысының орынбасары Исабек Досжан кеш иесін құттықтап, Астана қала­сының әкімі Жеңіс Қасымбектің  Алғысхатын тапсырып, қазақтың дәс­түрі бойынша иығына шапан жапты. «Бүгінгі кездесуді өткізудің мақсаты – еліміздің мәдени-әдеби өміріне елеу­лі еңбек сіңірген, соның ішінде ел­орданың рухани дамуына белсене ат­салысып, сүбелі үлесін қосқан Есен­гел­ді Сүйіновтің есімін дәріптеп, құрмет көрсету, сөз зергері, көрнекті ақын, қоғам қайраткері ретінде танылған бетке ұстар азаматтың шығарма­шы­лығын халық арасында кеңірек наси­хаттап, жан-жақты таныстыру. Қарым­ды қаламгер оқырмандарын алдағы уақытта да тәрбиелік мәні зор тар­тымды шығармаларымен қуанта береді деп ойлаймын», – деді Исабек Досжан.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Ораз Қауғабай Есенгелді Сүйі­новтің шығармашылығына қатысты жылы лебізін білдірді. Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Өріс Яшүкірқызы «Мен Есенгелдіні жас кезінен білемін. Сол кезден бастап, балауса өлеңдер жазған алғыр жігіт қолынан қаламын әлі тастаған жоқ. Оның жалынды жырлары жұртымызды мейірімділікке, инабаттылыққа, адам­гершілікке, қайырымдылыққа, Отаны­мызды сүюге тәрбиелейді», – деп атап көрсетті.

Көкшетау қаласынан  келген об­лыс­тық Әдебиет және өнер музейінің директоры Нұрбек Нұралин Ақмола облысының әкімі Марат Ахмет­жанов­тың құттықтаухатын оқып, Оқжет­пестің, Бурабайдың жазғы келбеті бе­й­неленген картинаны сыйласа, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, әнші Кен­жебай Мұқышев домбырамен ән шыр­қап, тыңдаушылардың қоша­метіне бөленді. 

– Есенгелді Сүйіновтің өлеңдерін зер салып оқып жүремін. Ақынның туған жер, оның әсем табиғаты жайлы, та­нымал қайраткерлерге арнаған сыр­шыл өлеңдері ешкімді бей-жай қал­дырмайды. Оның шығармашылығынан үнемі ізденіс, көркемдік жағынан өсу, тіл байлығы байқалады, – деді «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, ұлт­тық «Айбоз» сыйлығының лауре­аты, драматург Айгүл Кемелбаева.

Қазақстан Жазушылар одағы бас­қар­масының хатшысы, «Дарын» мемле­кет­тік сыйлығының лауреаты, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Дәу­леткерей Кәпұлы Қазақстан Жазу­шылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтың құттықтауын оқып, ақынға шығарма­шылық табыс тіледі. 

«Жайнай бер, туған елім!» шығар­машылық кешінде Әзербайжан Мәмбе­тов атындағы мемлекеттік драма және сатира театрының әртістері Есенгелді Сүйіновтің Отан, туған ел, табиғаттың әсем көріністері, мөлдір махаббат, сү­йіс­пеншілік, сондай-ақ тарихи тұлға­лар тақырыбына арналған албырт сезімге, тегеуірінді жігерге толы әсерлі өлеңдерін  жатқа оқыды. Ақын өлең­дерінің сөздеріне жазылған «Өзіңді күтіп жүрмін», «Сағындым ғой мен сені» әсем әндерін  Қазақстан Рес­пуб­ликасының еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызы, халықаралық конкурстардың лауреаты Дос секілді та­нымал әншілер орындады. Ақын Марфуға Бектемірова өлеңдерінің сөзі­не жазылған «Ақ қайыңға» әнін Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері Клара Төленбаева, «Аққуым менің қай­дасың?» әнін талантты композитор, әнші Медет Салықов шырқап, жұрт­шылықты өнерлерімен тәнті етті. 

Қорытынды сөз кеш иесіне берілді. Ақын Есенгелді Сүйінов жаңа өлең­дерін оқып, мұндай кештің халықтың поэзия әлеміне сапар шегіп, одан ләззат алуына, өмірге оң көзқараспен қара­уына әсер ететінін айтты, алдағы шы­ғар­машылық жоспарларын ортаға салды.

Берік БЕК