Әдетте мектеп асханаларынан әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары ғана тамақтанады. Бірақ қазіргі заманда әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларды айтпағанда, баласының жағдайын жасап отырған ата-ананың өзі де күні бойы жұмыста. Болмаса таңертең толық оянбаған, тәбеті ашылмаған баласын сабаққа кешігеді деп безектеп, тиісінше тамақтандырып үлгере алмайды. Көп әке-шешенің баласының мектепте не ішіп, не жеп жүргенін бақылап отыруға қажыры мен уақыты жетпейді. Біз «Мектеп асханаларында балаларға қандай тамақ беріліп жүр?» деген сұрақты БҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Бейсенбек Насимуллинге де қойдық.
Бүгінгі экологиялық жағдай аса жақсы емес кезеңде баланың тамақтануына өте қатты көңіл бөлінгені дұрыс. Бұл туралы мамандар да айтып жүр. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті Юрий Синявский былай деген екен:
«Балалар ауруы түрлерінің көбеюі дәрумендік микроэлементтердің жетіспеушілігінен туындайды. Өсіп келе жатқан бала жетілу кезеңінде көп энергия жұмсайтындықтан, дәрумен тез сарқылады. Яғни, көкөністер, жемістер, сүт және лактоза жеткіліксіздігі бар балаларға айран-сүттен әзірленген қоректік заттарды қажетті мөлшерде тұтынуы маңызды».
Жалпы, БҚО бойынша 365 мектеп бар. қазіргі мектеп асханаларында мұндай азық-түлік стандарттары сақтала ма? Бұлардың ішінде 1-4-сынып оқушылары толықтай ыстық тамақ ішеді. Одан бөлек, әлеуметтік осал топтан шыққан отбасының балалары ыстық тамақ ішеді. Бұлардың қатарына атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының балалары, жетім балалар және кедейшілік шегінде өмір сүретін отбасының балалары кіреді, – деп атап өтті БҚО Білім басқармасы басшысының орынбасары Бейсенбек Насимуллин.
Еліміздің «Бала құқықтары туралы» заңында әрбір баланың денсаулығын сақтауға айрықша құқығы бар екені және оны ұйымдастыру тәртібі туралы толық түсіндіріледі. Қолайлы орта мен дұрыс тамақтану сол мектептерден басталары сөзсіз. Өкінішке қарай, соңғы жылдары балалардың мектептегі тамақтануына сын көп айтылып жүр. Әсіресе, ас мәзірінде балалар жемейтін тамақ түрі көп дегенді алға тартады.
Бізбен сұхбаттасқан Мейрамгүл Боранбай да осы пікірде. Мейрамгүл Боранбай өзі де мұғалім. Ұзақ жылдар Теректі ауданы Подстепное жалпы білім беретін мектебінде ұстаздық еткен. Оның айтуынша, мектеп асханаларындағы тамақтану ісі жүйелі ұйымдастырылмайды.
– Менің мектептегі балалардың тамақтануына көңілім толмайды. Жасыратыны жоқ, мектеп асханасында көбіне балалар жемейтін тамақтар беріледі. Талай өз көзімізбен көрдік. Балалар тарелкамен алып, кері қайтарады. Оны табақ-табақ күйінде қоқысқа төгеді. Қарап тұрып, ішің удай ашиды. Обал. Мен өз көзіммен көрген жайды айтайын. Өзім мектепте директордың міндетін атқарушы болып қалдым. Сонда асхананы тексеруге барғанда балаларға қу сүйектен сорпа істеп беріп жатқанын талай көрдім. Сылдыр су. Содан жалға алушы екеуміздің арамызда біраз мәселе туындады. Мен қарсылық таныттым, – дейді мұғалім Мейрамгүл Боранбай.
Жалпы, қазір мектептегі ыстық тамақ үш түрлі жолмен ұйымдастырылады. Бірінші жол – мемлекеттік жекеменшік әріптестік. Мұндай кезде белгілі бір кәсіпкер мектеп асханасын түгел алып, жөндеуін жасап, тамақты да өзі сатып әкеліп, бар жауапкершілікті өзі мойнына алады. Екінші жол мектеп асханаларын жалға алатындар арқылы жүзеге асады. Үшінші жол ыстық тамақты мектеп өзі ұйымдастырады.
«Бүгінде ең қиындық туғызып тұрғаны – жалға алушылар» дейді Мейрамгүл Боранбай. Себебі олар көп жағдайда мектеп басшылығына бағынбайды.
– Мектеп асханаларының көбінде жалға алушылар қызмет көрсетеді. Олар баланың денсаулығын ойлайды деп ойламаймын. Бірде мәзірден баланың денсаулығына ең қажетті сүзбені, айранды алып тастапты. Себебін сұрасам, «өте қымбатқа шығады, ақшаға келгенін аламыз» деген жауап алдым. Негізінде, жылдың басында келісімге қалай келді, жылдың аяғына дейін сол мәзір сақталуы керек. Көшеде азық-түліктің қымбаттағанына баланың қандай кінәсі бар? Бала мектеп асханасынан қажетті витаминге бай тамақты ішуі керек. Баланың ыстық тағамына бөлініп отырған ақша тиімді жұмсалып отыр деп есептемеймін. Бөлінген қаржы көлеміне сай қажетті тамақтар алына бермейді. Жалға алушылар өздері үстінен пайда табу мақсатында арзанқол тамақтарды әкеліп береді. Сосын мектептердегі тамақтану оқу жылы бітпей жатып тоқтап қалады. Оны сұрасаң, қаржы игерілді, болды деп жауап береді. Неге екенін айтайын ба? Бізде заң шикі. Басшылардың құзыреті бір-біріне жүрмейді. Мысалы, мектеп директоры «мына асхананы жалға алған адамның жұмысы маған ұнамайды, сапалы емес» деп лақтырып тастай алмайды. Ол тек білім басқармасына ғана бағынады. Ал ол жердегілер күнде келіп баланың не жеп отырғанын көрмейді, – дейді М.Боранбай.
Жалпы, мектеп асханаларындағы ас мәзірін қалалық білім бөлімі мен мектеп директорлары бекітеді екен.
Бала ағзасы енді қалыптасып, дамитын кезеңде құнарлы тамақтануды қажет етеді. Сондықтан баланың тамақтануына ата-анамен бірге мектеп те, мемлекет те жеткілікті көңіл бөлуі керек. Десек те, біздің елде әзірге бұл сала дұрыс жолға қойылмай отырғаны жасырын емес. Әзірге мектеп асханалары жалға алушылар үшін табыс көзі болып отырғандай әсер қалдырады...
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы